Менің балалық шағымдағы ауыл
Бала кезді еске алсам сағыныш сезімі жүректі кернейді. Нағыз қазақылықтың сақталған кезі екен ау.
Анам қолдан құрт-ірімшік, май жасайды. Күбі пісіп, құрт жасауға көмектесеміз. Қысқа деп жинаған құрт-ірімшігін анам марқұм үйге қыдырып келген қайынсіңлілеріне, қонақтарға салып беретін. Сонда да анамның қысқа деп жинаған азын-аулақ құрт-ірімшігі таусылмайды. Ошаққа пісірген таба нанның дәмі қандай, шіркін! Арасына қолдан піскен сары майды салып жіберіп, самаурынмен шай ішетін күндерді айтсаңыз. Көктемде қараша үй тігу деген науқан басталады. Абысындардың басы қосылып киіздің жыртылған жерін көктейді. Сосын жабылып қараша үйді тігеді. Біз, балалар керегенің шаңын сүртіп болысып жүреміз. Атам мен әкемнің ағасының үйіндегі қараша үйлер өте үлкен болды. Іші көздің жауын алады. Неше түрлі ою-өрнекті басқұрларымен жайнап, сән-салтанат құрып тұратын. Ол қараша үйлерді тігуге шынымен асар жасайтын. Ал, адамның көбейгені балалар үшін кішігірім той.
Жаз бойы есіктің алдынан қауын-қарбыз, қияр, қызанақ теріп алып жейміз. Анам қауынды өте жақсы көретін еді. Қайнағасының үйіне барса бірден бақшаға кіріп, қауын теріп алады екен. Сосын талдың көлеңкесіне отырып қауын кессе, үлкен әкемнің бала-шағасы тізіліп отыра қалатын көрінеді.
— Осы сендер мен келмесем қауын жемейсіңдер ма?-деп анам марқұм сылқ-сылқ күледі екен.