Ораза тұрғысында өзгеше тұжырым
Рамазанда мұсылмандар отыз күн ауыз бекітіп, таңнан қара кешке дейін аш жүреді. Осыған орай ораза ұстауға үгіттеген және оның шарапаты мен сауабы туралы уағыз-насихат көбейеді. Бірақ осы жерде бір мәселе бар.
Смартфон ұстаған қазақ жұрты қазір әлем халқымен араласып, алуан түрлі дін мен мәдениетті таныған сайын, Исламның ауыр шарттарын басқаша пайымдайтын болды. Оразаға қатысты көзқарасы да өзгерген. Ғылымға сүңгіген жастар алдыңғы ағалары сияқты бұл құлшылыққа құлшынып тұрмайды. Көбі оны керексіз деп біледі. Оларды әбден түсінем. Себебі Виктор Франкл айтқан «МОРАЛДЫҚ ТАНЫМ» ескірді.
Нақты ғылымнан нәр алып, құбылыстың түпкі нәтижесін ұғынып, әр нәрсенің соңғы шешімін ғылыммен түйіп үйренген сауатты жастар «ораза ұстасаң күнәңді жойылады», «ораза ұстасаң пейішке кіресің. Хор қыздарын құшасың», «ауыз бекітпесең Раббымыз сені отқа қақтайды» деген сияқты жұпыны уағызды қабылдай алмайды. Мұндай уағыз олардың жүйкесін жұқартып, мазасын қашыруы мүмкін. Уағыз айтып жынына тие берсең, өзіңмен қосып дініңді де жеті қырдан асырып боқтап тастауы бек мүмкін. Сондықтан ораза туралы басқаша ой толғап көру керек.
Логотерапияға сүйеніп, сұрақты былай қоялық: Отыз күн аш жүрудің хикметі не? Ұлық Алла аштықты не үшін парыз етіп жүктеді? Аштық ұстап, күні бойы қалжырап жүрудің жеке басқа не қоғамға не пайдасы бар? Тәңірі тағаланың осы әмірін бұлжытпай орындасақ расымен де санада оң өзгеріс бола ма? Пайғамбар неліктен оразаның шарапаты туралы хадистерді көп айтқан?