Бүкіл Шығыс Алтай өлкесіне аты мәлім, мыңдап жылқы, қоралап қой өргізген, дәулетіне қыдыр қонған атақты бай Ақдәулеттің науқастанғанына да міне, алты айдың жүзі болды. Көктемде жабысқан осы дерт байды оңалтар емес. Бұрынғы торсықтай толық денесінен ет қашқан. Қызыл шырайлы өңі де сарғайып солып бара жатқандай. Өткір жанары мұңлы, солыңқы. Әр елден келген талай емшілер мен балгерлердің алуан түрлі емін алып көрсе де дауа табылар емес бұл дертіне. Ішкен асын кері құсып тастайды. Аздап саумал батушы еді, міне, бір жетінің жүзі болды, ол да өтпейтін болды өңешінен. Күннен-күнге тұла бойынан әл кетіп, қуат-күші сарқыла бастады. Көп кешікпей өзінің о дүниеге аттанарын іштей сезген, көкірегі ояу сұңғыла қария, жастайынан бірге өскен, бозбала кезінде тайлақ көтеріп, содан өз аты ұмытылып, бүгінде «Тайлақбай» аталып кеткен, балуан құрдасы, бұл күнде жылқышыларының басшысы Тайлақбайды шақыртты үйіне.
Он екі қанат ақбоз үйге кіргенде, бай сүйекпен қапталып, алтын-күміспен апталған, кезінде бір үйір жылқы беріп, атақты шеберге жасатқан қымбат ағаш төсектің үстінде басына қос жастық салдырып, биік етіп жастатып кеудесіне ақ жейде киіп жатқан еді. Басын ұстарамен жып-жылтыр тақыр қылып, тақауда алдырғанға ұқсайды. Бойынан ет қашқан, құдды аруақ дер қазіргі түрін көрген жан.
– Ассалаумағалейкум, құрдас, – деп сәлем бере кірген Тайлақбайдың шоқпар ұстайтын қос қолын әлсіз саусақтарымен аялай ұстаған байдың «Әликімассаламға» әрең тілі келді. Кезінде өзі де осынау балуан құрдасымен талай рет аңға шығып, асау үйреткені, көкпар тартып, талай салым салғаны есіне түсіп, көзіне жас алды. Даусы әлсіз:
– Тіршілікте әй, дескен жерім болса, кешір құрдас?! Бұл боқ дүние кімнен қалмаған, біздің ата-бабаларымызды да тегіс жалмаған, мені де әкеткелі жатыр сол жаққа.
— О, не дегеніңіз байеке, әлі-ақ сауығып кетесіз, – деп басу айтты Тайлақбай. Ақдәулет сөзін қайта жалғады:
– Қанша қимағандарыңмен, мен енді бұл дүниелік емеспін, одан да сөзімді бөлмей, тыңда! – деп бір қайырды.
Толық оқу…