Ақ Ұл бастаған ар жолы
1997 жылы ұстазымыз Қыдырəлі (Ақ Ұл) Тарыбаев ағамыздың бастауымен Ата жолы өз ісін бастады. Сөзімді ауыздан ауызға жеткен аңыз бойынша баяндайын.
Көкте Жаратқан Иеміз жер бетін, адамзатты жоймақшы болып қаһарланғанда, қазақтың əулиелері тылсымнан шырылдап тілеу тілейді. Әулиелер Алладан жалбарынып тағы да бір рет мүмкіндік беруін, тірілерді иманға келтіріп, ақ жолға салуға мұрсат беруін тілейді. Бес алып əулиелер бастап, қалғандары қоштап, періште анамыз Айша бибі əумин деп, Жаратқан иемізден тілектері қабыл болыпты деседі.
Бес алып əулие-аталар: Түктібай ата, Сүйінбай ата, Сарыбай би ата, Жамбыл ата, Қайназар аталар күллі қазақ арасынан Қыдырəлі ағамызды таңдапты. Түсіне еніп, Ақ жолды бастауды бұйырыпты. Ақ Ұл ағамыздың кеңпейілділігі, жомарттығы, аққөңіл, нағыз қазақ нәсіліне тән дархан мінезі барша қазақ баласынан биік тұрса керек. Аруақтың үндеу, бұйрықтарын өзі де бірде түсінсе, бірде түсінбей жүріп осы ауыр да қастерлі жолды абыраймен атқарып шықты.