Ойлантқан сапар


Қыстың бір күнінде Маруан апа екеуміз борандатып Астананың Артём базары жағына қарай халықтан сұхбат алуға шықтық. Базарға барған себебіміз: ол жерде халық көп жүреді. Қазір халықтан сұхбат алу да оңай емес. Жанталасқан жұрт, көп адамдар камерадан қорқады. Сол жерде тұрып бес-алты адамнан сұхбат алдық. Сұрағымыз: халықтың салт-дәстүрді жалғастыруына, ұлттық киімді күнделікті өмірде киюіне қалай қарайсыз, аруақ ұғымын қалай түсінесіз? Бұл жолғы сапарымызда Маруан апа екеумізді қатты қынжылтқан әрі ойлантқан, елдің болашағына алаңдатқан жап-жас жігітпен болған сұхбат еді.

Көзілдірікті, өзі ап-арық, бойы да шап-шағын жігіттен:
— Аруаққа сенесің ба? — деп сұрап едік.
Ол шошып кетіп:
— Құдай сақтасын тек бір Аллаға сенемін, — дейді.
Маруан апа сабырлы, ақыл тоқтатқан, өзі мұғалім болған кісі. Оңайлықпен ашуланбайды. Ал, менің қаным дереу басыма шауып кеткен ғой. Өзім камера ұстап тұрмын.

Маруан апа сабырмен:
— Сен тарихтан Абылай хан деген атамыздың болғанын білесің ба? Сол атамыз қазақ елі құрып кетудің аз ақ алдында тұрғанда үш жүздің басын қосып, «аруақ» деп жауға шауып жоңғарлардан жерімізді аман алып қалған.
— деп әп-әдемі әңгімесін айтып тұрса: — Олар білмеген, олар адасқан, — ғой деп қарап тұр. Сол жерде тұрып ана сүті аузынан кеппеген інішекке аруақ ұғымын түсіндірген болдық.

Сонда да жаңағы жігіт:
— Жоқ, аруаққа сенген Аллаға шерік қату», — деп бой бермейді.
Өзі мешіттен жұма намазына қатысып шыққан бойы екен.
Маруан апа:
— Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық киімін киіп жүруге қалай қарайсыз? — деген сұраққа жігіттен алған жауабымыз: — Ұлттық салт-дәстүрді, тілді сақтау маңызды емес. Өлгенде барлық адам араб тілінде сөйлейді,— дейді.
Маруан апа:
— Оны саған кім айтты? Сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым деген құранда. Сен о дүниеге барған соң да ұлттық ерекшелігіңді сақтамағаның үшін сұраласың, — десек ол сөзімізді де тыңдайтын құлақ болмады.
Маруан апа:
— Сен бала үйленгенсің ба? Ата-анаң бар ма? —
Жігіт:
— Үйленбегенмін, әке-шешем бар. Намазды да бастағаныма бір жылдай болды.
Маруан апа:
— Алдымен үйлен, бала-шағалы бол, ата-анаңды бақ, ақ пен қараға көзіңді жеткізіп есей, дінге сосын да бет бұрасың. Намаз оқыдым деп салт-дәстүрді ұмытпа, — деп Маруан апа біраз ақылын айтты.
Санасына сәл де болса бірдеңе барды ма «жақсы, жақсы» деген жігіт өз жолымен кетті.

Бұл жігіт рухына азық іздеп мешітке барған жастардың қазіргі жиынтық бет-бейнесі (образы) десем артық болмас еді. Адам тәні аш болса тамақпен тойдырады, жаны аш кезде рухани азық іздеп кетеді. Қазір көп адамдардың рухани кеңістігі үңірейіп бос тұр. Рухына азық жетпеген соң жаны әлсіреп көп адамдар ашуға бой алдыруда. Біреулер сол бостықты дүниемен толтырам деп әлек болса, енді бірі керегімді мешіттен табамын дейді. Ал, халықты имандылыққа шақыратын, рухына азық беретін мешіттен тәрбиеленген жастың түрі мынау. Өз халқының тарихынан, салт-дәстүрінен хабарсыз жастан не үміт, не қайыр?! Өз тарихын, хандары мен батырларының ерлігін, қазақ жерінде өмір сүрген әулиелердің жасаған небір хикметтерін білмейтін, би-шешендерінің, жырауларының мұрасын, батырлар жырын оқымаған ұрпақтан қандай қайраткер шығады? Олар ұлт үшін, қазақ халқы үшін қандай қызмет етеді? «Ата-бабамыз адасқан, аруаққа сыйынып Аллаға шерік қосқан» — деп өз ұлтына жеккөрінішті сезім тудырып, жастарды кері бағытта тәрбиелеп, өз ұлтынан бездіріп, ұлттық сана-сезімінен бездіріп отырған кімдер?

Ата-анам, балам иманды болсын деп мешітке берсе, мешіт өз халқына, өз ата-анасына қарсы етіп тәрбиелеп жатқан жоқ па? Елімізде мыңдаған мешіт бар деп мақтанамыз. Ал, сол мешітте тәрбиеленген ұрпақтың бірі жаңағы жігіт. Бұл ойландырмай ма? Бұл құбылыс ұлттың біртұтастығына, ұлттың болашағына төнген қауіп емес пе?

Осылайша Маруан апа екеумізді бұл жолғы сапар қатты ойлантты.

Айгүл Тәуіпбаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *