Ақ жолымды ашып, ақыретімді ойлантқан


Қаңтар айы еді. Қайын ағамның үйінен шығып анама хабарластым. Шыдамымның біткенін, күйеуіммен енді тұра алмайтынымды айттым. Бірге жұмыс жасайтын қызбен кететінімді айттым. Анам қиналса да рұқсат берді. Балаларымды тастап 2004 жылдың қаңтар айында Атыраудан бір-ақ шықтым.

Күнде түс көремін. Түсімде ұшып жүремін, біреуден қашып жүремін. Таң атқанда шаршап тұрамын. Күндіз далада біреу атымды айтып шақырғандай болады. Далаға шығып іздеп келемін. Тұрып жатқан үйдің келіні бір күні қорықтық құйды. Ондайды бірінші рет көруім. Содан шамалы дұрысталғандай болдым.

Елге бір барып келіп, күйеуіме қайта қосылдым. Шамалы жұмыс жасап екі бөлмелі үй алдық.

Тағы да түс көру. Бір күні үлкен көпірден (ауылдағы) өтіп келеді екенмін деймін. Оң балтырымды үлкен сым қиып кетіп қанап жатыр екен. Екі күн өтер-өтпес қайным өзіне қол жұмсап қайтыс болды.Солай өмірім өтіп жатты. Тағы да күйеуімнен біржола кетіп қалдым. Бірақ әлі күнге дейін заңды түрде ажырасқаным жоқ. Сол бір күндері тағы түс көрдім. Қайын атам екі қайтқан нағашыларыммен дастархандас болып отыр екен. Тағы да өзіме-өзім сыймай кеттім. Ауылға телефон соқсам, қайын атам өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты. Сонымен өмір өте берді. Қателігім де өзіме жетерлік болды. Бірақ өзім білемнен қайтпадым. Өзімнің мәңгүрттеніп қалғанымды Ата жолына келгелі түсініп келемін.

Екі перзентімді асыраймын деп адал еңбек еттім. Жұмысымды таңғы бестен бастаймын. Бәліш, тоқаш, ыстық тамақ пісіремін де сатып келемін. Жолай тамағымды әкелемін. Келе ыдыс жуам, ертеңге дайындаламын. Осылайша мұғалім басым аяқ астынан аспаз болып шыға келдім. Одан үйлерге жалдамалы тамақ пісіруге барамын.

Қанша тыраштанып еңбек етсем де тапқан табысымның берекесі болмай қойды. Баяғы үйді сатқыздым. Бауырларым үйдің ақшасын жұмсап, олармен қатты ренжісіп қалдым. Солай үйсіз қалдым.

Еш шаруам оңалмайды. Кедергі көп. Сынақ көп. Көпшікке тұншығып келіп жылаймын. Сосын ештеңе болмағандай жүре беремін.

Көршілерім жақсы кісілер. Ол да бірден жақсы бола салған жоқ. Жоғарғы қабаттағы көршім айғайлау болатын. Неше түрлі тамақ пісіріп майдың иісін бұрқыратып жатамын. Тауық еті қатып қалады, оны тарсылдатып бөлемін. Көршім тұрбаны ұрып ескертеді.

Бір күндері Гүлфара апам келіп: «Майдың иісінен жүрегім айниды»,- деді.

— Апа, кешіріңіз күн көрісім осы болып тұр. Әйтеуір темекі мен арақтың иісі емес қой,- дедім.

— Үйге кіріңіз, шай ішіңіз,- деп бәліш ұсынып, осылайша достасып кеттік. Осы достасу мені Ата жолына әкелді.

***

Бір күні көрші апамен бірге Ордаға бардым. Бізбен бірге марқұм болып кеткен көршіміз де барды. Мен түсініп болмайтын құбылыстар болып жатты. Бірақ көңіліме жағып та тұр, біресе күмән келеді. Бата шықты. Такпақ айтып жатқандай. Ата жолы қағидаларын түсіндірді. Аққулардың айтқанын орындап жүрдім.

Тағы да түс көрдім. Ауылдық жерде екенбіз. Бір бөлмеде көп аталар отыр, арасында әжелер де бар. Үстерінде ақ киім, қолдары жоғары байланыпты. Сол кісілердің арасында жүрмін. Қолдарын тесіп, арасынан кісен өткізіп қойыпты. Сөйтіп жүргенде қайнымның әйелі босанған соң аяқ астынан ауырып қайтыс болды деген хабар келді. Бұл жағдайлар мені әбден ойландырды.

Текте қарғыс бар ма, күйеу жағымның отбасында әйел тұрмай ма деген қорқыныш пайда болды.

Көп ұзамай Атырау айналасындағы бес атаға зияратқа шықтым. 41 әулиеге бару 2017 жылы бұйырды.

Үнемі түс көремін,бірақ шеше алмаймын. Берекем кетті, үйім жоқ жолым ашылса екен деген мақсатпен зияратқа шыққаным рас еді. Зияратқа аман-сау барып келдік.

Елге барып келгем. Толығымен денсаулығымды тексерттім. Жатырымда ісік бар екен. Аталардың басынан зияраттап келген соң тексерілгенде ісік жоқ болып шықты. Дәрігерлер таңғалды.

***

Көңілде күмән көп еді. Сосын ютуб желісін ақтардым.Тоқберген ағаның таспаларына көзім түсті. Ағаның бейнежазбаларын тыңдап жүрдім. Ағамен ватсап арқылы хабарластым. Жауап келді. Сұрақтарымды бердім. Сырқат белгі, бата деген не? Түсінбеймін.

Тоқберген ағаны тыңдауды тоқтатпадым. Соңғы он бес жыл көлемінде оқу, іздену деген болмаған екен. Айналама қарау деген мүлде жоқ. Осы кісіні тыңдау арқылы көзім ашыла бастағанын сезіндім.

Солай басыма орамал тарта бастадым, келе- келе көйлек, кейін ұзын көйлек кидім.

Адамның өмірі толыққанды болу үшін ең алдымен киімі де толық болу керек екен. Киінуді де қиынсынамыз, өз өмірімізді өзіміз құртып жатқанымызды білмейді екенбіз. Тағдырымызды түзеп бақытты болу үшін ең алдымен тақуалық киім киюден ұялмау керек екен. Дегенмен, оған да жүректің батырлығы керек. Жасыратыны жоқ көбіміз «жұрт не дейді» деп өмір сүріп жатырмыз. Соншалықты дәрежеде ластанып қалған екенбіз. Әлі де кеш емес кезде ойланғанымыз дұрыс. Қазір ақылды тегін айтатын кісілер жоқ. Бәрі ақылы.

***

Ата жолы- қазақ халқына берген Құдайдың бағы. Ата жолы ақыретімді ойлантты, тағдырымды дұрыстады, жолымды ашты.

Қазір ешкіммен ұрыспаймын, өте сабырлы қалыпқа келдім. Өзімді түбегейлі өзгертуге бел байладым. Ұрпағым бақытты болса екен, жыламаса екен деймін. Сол үшін тақуалығымды нықтауға тырысып, күн сайын нәпсіммен күресіп келемін.

Гүлнар Ембергенқызы,

Атырау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *