Жындармен айқас


2009 жылдың күз айы еді. Педагогикалық институттың 2-ші курс студентімін. Ақшадан қиналып жүрдім. Күндіз оқимын, түнде көлік жуатын жерде жұмыс жасаймын. Әкем мен анам ажырасқан. Анам қоңырау шалса, менде бәрі жақсы жеткілікті деп уайымдамас үшін өтірік айта саламын. Пәтерге қаражатым жетпеген соң, жұмыс орнында тұруға бастықтан рұқсат алып, сол жерде тұратын болдым.

Сол жерде бір жігітпен танысып, кейін екеуміз дос болып кеттік. Сол досыммен әңгімелесіп бір-біріміздің арманымызбен бөлісетінбіз. Мен оған Түркістанға барып кесенелерді өз көзіммен көрсем екен деп арманымды айттым.

Ол: «Мен сені бір емші адаммен таныстырайын, ол кісі сондай жерлерге барады»,- деді. Арманыма жету үшін сол кісіге бармақ болдым.

Сол кездерде көзім ілінсе болды, үнемі аяқ-қолымды байлап, қара адамдар қылғындырып, үстіме мініп, қинай беретін. Соңғы кезде денемнен жанымды суырып сүйреп әкетіп бара жатқанда бісмілләмді айтып зорға құтылдым. Туысқандарыма айтсам ешкім мені түсінбейді. Ұйқтайын десем жүрегімді қорқыныш басады.

Бір күні түс көрдім. Анам жылап мені емдейтін емші іздеп жүр екен. Алдымыздан бір ата шығып, Мәшһүр Жүсіп атаға жол көрсетіп жатыр. Енді бір кезде Мәшһүр ата алдымда отыр. Ортамызда дөңгелек стол. Басында үкісі бар тақия киген. Айналамыз тастай қараңғы. Маған әлденені айтып жатқандай болды. Осы түсімнен кейін досым себеп болып Ата жолына келдім.

Батада: «Мәшһүр атаң қолдап Ордаға жеткізген екен», — деді. Батаны өлеңдетіп шығарғанда «бұл кісі бәрін қалай жаттап алған» деп ойладым. Содан бері құран жаттап, дәрет алуды үйрендім. Күнде сүре жаттап, жетекшіме айтып беремін. Содан кейін түсімде әлгі жындар келгенде сүре оқып, айқасып жеңе бастадым.

Данияр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *