Киім – кешекке қатысты ырым — тыйымдар


Теріс киме
Теріс киме бөркіңді, бұзып кетер көркіңді.
Ырым, сенім талайды, тәубесіне келтірді.
Теріс кисе не етеді? Оған дәлел жетеді.
Алға басқан аяғың, кейін қарай кетеді.

Қазақ халқы адамның денесіне, бас-аяғына киетін киім-кешекті қастерлеп, құрметтейді. Оған байланысты салт-дәстүр, сенім-наным, ырым көп. Қазақ киім-кешекті мұқият таза сақтап, киіп қажетке жаратады.

• Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.


• Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.

Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау – жаман ырым. Егер оны адам кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.

• Көпшіліктің алдында жалаңаш — жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.

Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.

• Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.

• Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.

• Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.

• Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.

Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.

Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.

Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.

• Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.

• Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

Қос тымақ кигізбейді. Бұлай етсе екі әйел алады деп ырымдалады.

• Аяқ киімді тұрып киюге болмайды. Тек басына іс түскен кісі ғана аяқ киімді тұрып кимек.


Ит көйлекті балаға жаны иттей берік болсын деп кигізеді.

• Көп жасаған немесе жақсы адам қайтыс болса, оның киімдері мен тұтынған заттарын ырым етіп бөліп алады.

Сейіт Кенжеахметов, этнограф.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *