Мен Ата жолына қалай келдім?
Бірде жұмыстасым кезекті демалыстан келді. 2005 жылдың қараша айы болатын. «Қай жерде демалдың, қай жерлерді тамашаладың? – деген сауалыма – Оңтүстіктің бүкіл жерін шарладық. Яссауи баба, Арыстан бап, Айша бибі анаға бардық», – деді.
Ал өзім кезекті демалыста жолдамамен басқа елдерді шарлайтынмын. Кавказ, Молдова, Ресей сияқты елдерге саяхатқа барушы едім. Ал өзімнің жерімді тамашалап көрмеппін. Әріптесім керемет етіп айтып бергенде: «Қалай, кіммен бардың?», – деп сұрақтың астына алдым. Сөйтіп ол әпкесінің мекен-жайын берді. Əпкесі Бəйдібек ата Ордасында қызмет ететін аққу екен. «Əр сəрсенбі Ордада шырақ, бата болады», – деген , ештеңеге түсінбесем де, сол күнді асыға күттім. Ол жерде ешкімді танымасам да сол күні «сəлем» деп жетіп бардым. Осылай Ата жолдағы тарихым басталды. Алғаш жеті атаға шыққаным есімде. Бейітті, моланы аралауға, тілеу тілеуге болмайды ғой деп, бір шетте состиып тұрып қалдым. Содан Ордаға келіп, бата берген кезде, сол тұрысымды, ойымды айтып салғанда (Құлсары ата) сенбеске амалым қалмады.
2006 жылдың сəуір айында Алматыдан бір-ақ шықтық. Біз кеш келдік, таңертеңге дайындалдық. Қонған үйдің қабырғалары аталардың суретіне толып тұр, бəрін оқып шықтым. Өзімнің молда атам үйге келеді дегенде, үйдегі бүкіл суреттерді жəне қуыршақтарды тығатынбыз. Атам ұрсатын. «Атамның сол сөзі есіме түсіп, – мына суреттер ілініп тұрғаны дұрыс па? – деп ойланып тұрғанымда, ел – Ақ Ұл келді, – деп бəрі далаға шықты». Терезеден қарасам, жасы мен шамалас бір жігітке барлық жиналғандар амандасып, қаумалап жатты.
– Сонша жүгіретіндей кім? – деп қойып, мен əрі қарай суреттерді тамашалауға кірістім.
– Болыңдар, автобусқа отырыңдар, – деген соң, барып автобусқа жайғастық.
Бес, алты автобус толы адам жиналыппыз.
Сосын жаңағы жігіт келіп:
– «Ал жолдарың болсын, оң сапар», – деді.