Қыдырбай молданың әңгімесі
«Мен 13 жасымда жетім қалдым. «Отау иесі» деп қарт әкем мені 13-ке толар-толмасымда-ақ, үйлендіріп тастаған. «Әлі бала жас қой, тым ертерек емес пе?» деп сұраған ағайынға, «менің жасым кеп қалды, көзімнің тірісінде келін түсіріп кетейін, немерені Құдай өмір берсе көрерміз» дейді екен. Ол кезде Талқының (тау) аузында отырамыз, жаздай есекпен, атпен сүйреп әкелген қарағайдан қатырып тұрып екі ауыз там салып алғанбыз. Ол уақытта ортаға қоятын темір пештің өзі қат, табылмайды. Амал жоқ, қысты күні ортаға от жағып, соның шоғын көміп қоятынбыз. Таң ата шешем әлгі шоқты қоздатып, үстіне шөп-шалам салып , үрлеп тұтатып алады. Ол кездегі тіршілігіміз сондай ееді. Бірақ, мен үшін осы өмірім Жұмақтан қымбат екенін кейін білдім…
Жағдайымыз жақсы еді. Әке-шешемнің осы жақтан алып барған, сосын сол жақта сауда жасап тапқан азын-аулақ ақшасы да, алтыны да, малымыз да бар еді. Біздің халық данышпан ғой «мал бір жұттық» дегенді қалай тауып айтқан?! Бір қыстағы жұттан таяқ ұстап қана шықтық. Сонда да болса, жаздыгүні әкем мені үйлендірді. Тағы қыс түсті.
Бір түнде үйіміз өртеніп кетті. Аяқ жағымызға қозға қойған шоққа көрпе ме, әлде жамылған тон ба, түсіп кетіп, ол жанып, біздің қарағайдан салған үйіміз, кәдімгі бір қорап сіріңке құсап лап ете қалды. Мен қашып шықтым. Біздің үйдің аяқ жағында шамамен 300 метрдей жерде Қырықбай деген менің құрдасымның әкесі тұратын. Жалаңаяқ сол үйге қарай жүгірдім. Менің айқайымды естіп олар да жүгіріп шыққан екен. Қайта барып, үйді өшіруге әрекеттендік. Жәпей деген ағам үстіне бір шелек мұздай суды құя салды да, жанып жатқан үйге кіріп кетті. Біраздан кейін менің шешемді көтеріп шықты. Есіктен шыға бергенде жанып жатқан үйдің босағасы үстеріне құлап түсті. Қаумалаған ел зорға шығарып алды. Ағам біраз күйгені болмаса аман қалды. Шешем әуелі ыстан есінен танып қалған екен, кейін есін жиды, бірақ, сол кеудесіне түскен оттан оңала алмады. Көп ұзамай көз жұмды. Ал әкем және менің 13 жастағы келіншегім, сол пәк күйінше өртеніп кетті. Біз бір әке бір шешеден туған 1 ұл, 1 қыз ғана едік. Үйді өрт жалмағаннан біраз бұрын ғана қарындасым ішкі Қытайға оқуға кеткен еді. Жәпей (шын есімі Жансейіт) әкемнің туған інісі. Өртеніп кеткен үйдің орнында шошайып Жәпей екеуіміз ғана қалдық. Әке мен шеше бардағы байлықтан дым қалмады. Енді аш қалмау үшін, жергілікті байларға өзім жалданып күн көруге көштім…