Ата жолы қазаққа не береді?


Осы күнгі адамдарға, қоғамға қарап отырсақ жоқ іздеген жолаушы тәрізді. Әйтеуір, бірдеңе іздеген пенделер. Өмірден бақыт тапқысы, Алла Тағала берген нығметтің бәрін иеленгісі келеді. Бұл жолда батыстың білімімен қаруланған психологтардың наны жүріп тұр. Рухы аш халық нені де сіміріп алуға дайын. Біреу өмірден мән іздейді, біреу бақыт, енді бірі байлық, бір пенделер берекесі кеткен отбасын сақтап, араққа салынған күйеуін қалай құтқарсам деп жанталасып жатыр. Сан түрлі сұрақтың жауабын іздеген әйелдер әлеуметтік желі арқылы топ құрып білгенін ортаға салып талқылап жатқаны. Иә, әйелдер. Көбіне рухани кемістікті қалай толтырам деп ізденіп жүрген сол әйел қауымы. Сол жоқ іздеген жолаушының бірі мен болдым. Осындай топтарға қосылып біреуден кеңес алдым, біреуге кеңес бердім. Осылай, тырмысып,ізденіп жүріп бір күні Ата жолы тобына қосылдым.

Міне, осы жерден қазынаға жолықтым, бар керегімді таптым. Өмірімде орын алған олқылықтардың орны толды, мазалаған сансыз сұрақтың жауабын күн сайын ұстазымыз Тоқберген ағаның видеосынан тыңдап жатырмын. Нағыз ілім-білімнің қайнар бұлағына тап болдым. Ұстаз бен Айболат ағаның сұхбатынан күнде бір жаңалық ашамын.

Сонымен Ата жолы халыққа не береді деген сұраққа жауап бере кетсем.

Ата жолы қазағым, елім, халқым деген нағыз еңіреген ерлер бас қосқан әлеуметтік топ. Ата жолының мақсаты — Қазақ деген ұлы халықтың ұмытылып кеткен тілін, ділін, дәстүрін, ата дінін жаңғыртып, заманға енгізу. Сол арқылы жаһанданудың аждаһасынан жойылып кетудің сәл ақ алдында тұрған халықты сақтау.

Ата жолы туған тілімізді тірілтіп, қантамырына нәр беруде. Осы кезге дейін қазақ тілін жетік білемін деп мәз болып жүріппін. Шын мәнінде мен ақын-жыраулардан қалған жауһарлар, қазақтың шешендік сөздерін тұнығынан қанып жұта алмаппын. Ілім-білімді батыстан орыс тілі арқылы іздеймін деп жүріп өз қазақшамды ақсатып алғандаймын. Ата жолы халыққа тілді шұбарламай сөйлеуге үйретіп жатыр. Жыланда ғана екі тіл болады, ол бәле бір мезетте екі түрлі дәмді сезіп оны у-ға айналдырса, тілін шұбарлап сөйлеген адамның санасы уланады екен. Күнделікті өмірде орыс тілін араластырып сөйлеу үйреншікті жайға айналып кетті ғой. Бірақ, тілді шұбарлаудың адамға қаншалықты зиянды екенін енді біліп жатырмын.

Ата жолы қазақтың Абайы мен Шәкәрімімен қауыштырды. Өзін қазақпын деп кеудесін ұрып мақтанатын әрбір адам Абай мен Шәкәрімін түсіне ала ма? Өз басым осы екі әулиенің өлеңдерін мектеп кезінде тақылдап жаттағаным болмаса мағынасын түсінбеппін. Кейін сәл есейген кезде Абай атаны оқығым келсе де түсінбей кітап бетін жаба салатынмын. Енді осы ақындардың өлеңін оқуға, ондағы тұнып тұрған даналықты білмекке, үйренбекке деген қызығушылық туды.

Өмірдің жұмбағын шет ел психологтарынан іздеппін. Олардан да біраз нәрсе үйрендім. Бірақ, кейінгі кезде оған да қанағаттанбай ізденіс үстінде жүретінмін. Сөйтсем, мен іздеген ғаламның жұмбағы, өмірдің сыры өзімізде тұр екен. Қазақтың мақал-мәтелдері, шешендік сөздері, ақын-жыраулардың еңбектерінде бәрі-бәрі бар екен-ау. Біреудің қаңсығын таңсық көретін халықпыз ғой. Кезінде ата-әжелеріміз білген, бірақ кейіннен ұмытылған даналықты, өмірдің жұмбағымен қауышып жатқан жайымыз бар. Тақпақтатып, өлеңдетіп төгіп-төгіп шешен сөйлейтін топ пайда болды. Тылсымның құдыретімен өлең жазатын ақындар мектебі қалыптасуда. Ертеде апталап жырлайтын батырлар жырының шығарылуында, оның ауыздан ауызға ұмытылмай жетуінде де тылсымның құдыреті жатқан жоқ па?

Ең алдымен Ата жолы Қазақ халқына Аруақ ұғымын қайта әкелді. Тәуелсіздік алғалы мазхабшылардың уағызымен аруақ десе шошитын, қорқатын, үрейленетін, тіксінетін жастар пайда болды. Тіпті қолымда билік болса Яссауидің кесенесін бұзар едім дейтін бұзықтарға де кезігіп жүрміз. Қайта Кеңес үкіметінде дінге қанша қысым жасалса да аруағымызды ұмытпаған халық едік. Мешіт имамдары халықты аруақтан айырды. Қазақ қазақ болғалы бір Құдайдан сұраған, аруаққа сыйынған ел едік. Батыр аталарымыз аруақ деп, әр ру өзінің атасын ұрандата жауға шапқан қазақ едік. Мына шет-шегі жоқ байтақ даланы аруақ деп жүріп қорғаған аталарым ақымақ емес еді. Аруақ деп аузыңды ашсаң болды ширк, серік деп бассалатын бір қоғамға тап болдық. Біле білген адамға Аруақ ұғымы да үлкен ғылым екен. Бұл-алдағы уақытта кеңінен зерттелетін, жан-жақты талданатын тақырып. Ата жолы жатқан жері белгісіз жағалы аруақтарды тылсымның құдыретімен іздеп, тауып жатыр.

Ата жолы шипагерлік ілімді тірілтті. Мына қоғамға қараңызшы! Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін ауру. Бүкіл аурухана, емхана лық толы. Дертіне дауа таппаған адамдар, емі жоқ аурулар, белсіз еркектер, жатырынан дерттенген әйелдер, диагнозының не екені де табылмайтын балалар. Ғасырлар бойы қазақ елінде бірде бір аурухана болмаса да барлық адамның дені сау, ұзақ өмір сүретін. Халықты бақсылар, емшілер емдейтін. Әрбір әже мен атаның емшілік қасиеті бар еді. Немерелері ауырса ұшықтап-ұшықтап жіберсе болды, шауып кете беретін. Мысалы, өзімнің марқұм анам ауыра қалсақ кешке қарай жерұшық беретін. Міне, бұл ғасырлар бойы жиналған халықтың емшілік дәстүрі еді. Үлкен кісілерден естуімше әр ауылда қасиетті кісілер болған екен. Міне, сол адамдар ешбір дәрі-дәрмексіз, Құдайдың құдыретімен небір ауруларды емдеп жазған. Бір емші қазіргі тұтас аурухананың қызметін атқарған. Міне, сол ата-бабадан үзілген қасиет ұрпақтарын қыспаққа алуда. Бар нәрсе жойылып кетпейді. Қазақтың әрбір ұл-қызы қасиетті. Сол қасиетті ұстамасаң қасыретке ұшырайсың. Осындай қасиеттің қыспағымен тоз-тозы шыққан пенделер Ата жолынан медет табуда. Өз қасиеттерін ашып, халыққа қызмет етіп жатқандар қаншама? Осы күнгі медицинада емі табылмайтын аурулар, (рак, қант диабеті, бедеулік т.б.) тіпті жындыханадағы науқастардың өзі емделіп қатарға қосылуда.

Ата жолы бай салт-дәстүрімізді, Ата дінімізді тірілтті. IX ғасырда арабтар ислам дінін елімізге әкелгенде біздің халық сол діннің қағидасымен өмір сүріп келген еді. Арабтар ислам дінін әкелмес бұрын түркі елі бір құдыреттің, жаратушының бар екенін жетемін ұққан, Көк тәңіріне табынған. Қазақ табиғатпен үндестікте өмір сүрген, әр жаратылыстың киесі бар деп көк шөпті жұлмаған, жерді қадірлеген, тіпті құмырсқаның илеуін де бұзбаған халық болды. Алтай мен Атыраудың арасында ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын сайын даланы мекендеген қалың қазақ елінде бір де бір түрме болмаған. Барлық экономикалық, саяси, қылмыстық мәселелер ұлттық салт-дәстүр арқылы адамдық жолмен, әділетті түрде шешіліп отырған. Ислам дініндегі барлық қағидалар біздің бай ата дәстүрімізде бар болатын. Сондықтан ата-бабаларымыз бұл дінді жатсынбай, тез қабылдаған. Пайғамбар арабтан шығып, дін араб елі арқылы тарағанымен мұсылман дінін дамытып, көркейткен менің ата-бабаларым еді. Ілімді қасиетпен ұштастырған небір әулие-әмбиелер халыққа құдайдың құдыретін, мұғжизасын, жер бетіндегі заңдылықтарға сыймайтын небір кереметтерді көрсеткен. Қазақтың қай пұшпағын алып қарасаң да қасиетімен қара суды теріс ағызған, Алланың достары- әулиелердің мазарынан кенде емес. Біз, сол қасиетіңнен айналайын текті аталардың ұрпағымыз ғой. Сол аталардың қасиетін жалғастырып халыққа қызмет ету енді біздің қолымызда тұр. Күллі әлем қазақ еліне көз тігіп, дертіне дауа іздеп ағылар күн де алыс емес. Қазақ жерінде жатқан нұрлы ошақтар, қасиетті мекендер, зираттар — тегін ауруханалар. Осы жерлер арқылы небір емі табылмаған аурулар шипа тауып кетіп жатыр.

Ата жолы ұлттық киім кию дәстүрін жаңғыртты. Әйелдер кимешек, ұзын етек көйлек, оюлы камзол, мәсі кисе, ерлер басына тақия, бөрік, аяғына саптама етік киіп, қамшы ұстап жүретін дәстүрді жаңғыртуда. Қазақтың ұлттық киімі тұнып тұрған тәрбие. Қазақы киім киген әйелде иба пайда болады, ою-өрнектен дем түседі. Біздің қошқар мүйізіміздің жамандықты тазалаушы қасиеті бар екенін шетел психологтары жаңалық ретінде ашып жатыр. Оюлы киім киген адам жамандықтан (негативтен) қорғанып жүреді. Қазақы киім — нағыз тақуалықтың өзі. Онда ашық-шашық ештеңе жоқ. Еуропаға еліктеп, қолы, қолтығы, балтыры жалаңаш қыз-келіншектеріміз түрлі дерттерге ұшырауда. Олардан туған балаларда түрлі кемістіктер, неше түрлі ауыз бармайтын аурулар пайда болып жатыр. Бір ғана киімді дұрыстау арқылы қанша қасіреттен құтылар едік. Әрбір қазақтың келіншегі мен әжесі қазақы кимешек, қамзол киіп жүрсе қандай жарасар еді! Біз неге ата-әжелеріміз киген ұлттық киім-кешегімізді киюден ұялуға тиіспіз?

Қазақтың киімі тек Наурызда ғана киіліп, қалған уақытта сандықта жататын бейшаралық жағдайға түскені өтірік па? Өзімізде бар жауһарды ұмытып арабша қара жамылып, не еуропаша жалаңаштанып әбден азып-тозып, албастыға айналдық. Өз киімімізді сәнді, нақышты тігетін дизайнерлер, тігіншілер керек халыққа. Көк жәшіктен ұлттық киім киюшілерді дәріптеу, насихаттау керек.

Ата жолы арқылы қолөнеріміз дамуда. Қазақы киім тігетін аналар, күмістен зергерлік бұйым жасайтын ұсталар, теріні өңдеп мәсі тігетін ісмерлер пайда болды. Қолмен жасалған әрбір затта қуат болады. Көрерсіздер, біздің аналардың қолымен тігілген киімнің киесі мен қасиетін білген шетелдіктер талап алып кететін заман да туады.

Ата жолы адал мен арамның парқын ажыратты. Халықты адал ас ішуге үйретті. Осы кезге дейін менің ұғымымда адал ас деген күйеуімнің маңдай терімен тапқан асты қолды сабындап жуып, пісіру болды. Ал, адал ас деген әйел баласының мойны, білегі, бір тал шашы да көрінбей, толық дәретпен, жаны да тәні де сау, жеті өрісі түгел әйелдің пісірген тамағы екен. Сондай ақ екі білекке міндетті түрде күміс білезік болу керек. Күмістің емдік, қаралықты жоятын қасиеті ғылыммен дәлелденген. Осыны бағзы заманнан біздің оқымаған әжелеріміз білген.Тақуалықпен ас ішкен ұрпақ текті болады, ауырмайды, нағыз халқым дейтін азаматтар өседі.

Жетпіс жыл бойы Кеңес үкіметі тұсында барымыздан айрылдық. Отыз жыл Нұрағаңның «алдымен экономика, сосын саясат» деуімен рухани аштыққа ұшырадық. Қазір Қазақ мемлекетінде ұлттық идеология мүлдем жоқ. Үштілділік саясатының арқасында бар тапқан таянғанын ағылшын үйрететін репетитор жалдап баласын оқытатын елге айналдық. Қазақ тілі мүлде керексіз болып қалды десем өтірік емес. Баласы орысша мен ағылшынға судай, бірақ қазақшаға мақұрым болса да намыстанбайтын әке-шешелер пайда болды.

Міне, Ата жолы аз ғана топпен қазіргі күні Қазақ елінде сол үңірейген үлттық идеологияның жыртығын жамап-жасқаудың үстінде. Мемлекет жасайтын ұлы істі аз ғана топ атқарып жатыр. Ата жолының халыққа бұдан да көп берер құндылықтары бар. Егер осы жолды мемлекет тарапынан қолдап, қаражатпен қамтамасыз етсе Қазақ елі рухани гүлденген, Аға ұлтқа айналар еді. Небір шешімі табылмаған қордаланған мәселелер реттелер еді. Ата жолына мемлекет тарапынан қолдау күтеміз.

Айгүл ТӘУІПБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *