Жаулықтың жыры


Топқа қосылып қайтадан шығып кететін кей қыздардың айтатын уәжі мынау: «орамал тағып тұмшаланбасам болмай ма? Онсыз да ашық шашық жүрген жоқпын. «Модница» болып үйреніп қалғанмын ғой» дейді. Бар білгенімді айтып қалай түсіндірсем де болмайды. Сосын «өзіңнің де миың бар ғой, оның да уақыты келер» деуден басқа шара қалмайды.

Өзімнің де мойнымды көрсетпей орамал жабынғаным жақында ғана. Бұрын «келіншек» орамал ғана тартатынмын. Мойын ашық. Енді солай көшеге шықсам үйге келген соң тас төбем аузыма түсердей болып ауырып шат-шәлекейім шығады Жан керек, сосын амал жоқ тұмшалануға тура келеді. Әйтпесе «нәрмәлні адам құсап» жүргім келмейді дейсіз бе? Орамал тағуды да әрең үйрендім-ау. Өзімше болып жібек орамал тартқан күні әй, ит болам ау. Ол құрғыр қайта-қайта сусып түсіп қала береді. Сосын көшенің қақ ортасында тұрып қайта байлап жатқаның. Шаш та жалбырап кетеді ғой осындайда. Бұдан не орамал таққан болды? Сосын қарапайым матадан жасалғанын тауып алдым. Бірақ ол қалыңдау. Есесіне бастан түспейді. Қырық градус шілдеде қыж-қыж қайнап жүресің. Бірақ бас ауруынан айықтым.

Жаулықтың киесін ұқпайтындар одырая қарайды. Қалай қарасаң олай қара деймін. Өзімнің ұпайым түгел. Ел-жұрттың қаралығын жинап алып, шаңырағыма төкпеймін. Асымды арамдап бай, бала-шағамның асқазанын уламаймын. Автобусқа мінсем жұрт орын бере қояды. Жан-жағыма қарасам менен үлкен, шашы селкеу, киімі жабысқан заманауи әжелердің тұрғанын көрем. Жаулығымның киесі ғой десем, күлесіз ба?

Осы жаулық үшін елімізде шайқас болып жатыр. Мұғалімдердің арасында мен сияқты жалаңбас жүрсе ауыратындары бар. Бірақ, орамал тартуға заң жүзінде тыйым салынған. Министр біткен жаулықпен жауласып әлек. Қанша жамандасақ та Кеңес кезінде мұндай сорақылық болмаған еді. Өзім оқыған мектепте ұстаздарымыздың көбі орамал тартатын. Содан жаман болдық па? Біліміміз де ешкімнен кем емес. Сол орамал тартқан қарапайым қазақы ғана ұстаздың алдынан талай оқымысты,профессорлар, мықты мамандар шығып елге қызмет етуде. Ал, біздің әкім-қаралар мен министрлер анасының басындағы жаулықпен алысуын тоқтатар емес. Өздерінше еуропалық стандартқа сай болған түрлері. Әйтпесе білім сапасына жаулықтың дым да кері әсері болмайтынын менің аулымның қарапайым мұғалімдері әлдеқашан дәлелдеп қойған. Қазақ еліндегі жаулықтың жыры осы.

Осындайда үкіметке тәуелді болмағаныма қуанамын. Әйтпесе, денсаулықты құрбан етіп, бас ауруының емін таппай уыс-уыс дәрі ішіп жүрер ме едім? Бұл да болса құдайымның қарасқаны шығар.

Айгүл ТӘУІПБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *