Қапыда кеткен қос мұңлық


Астаналықтар кеше 2020 жылғы 14 маусым күні Қаныкей ана мен Жұмай атаға зияраттап келдік. Ауа-райы өте тамаша, қоңырсалқын болды.

Алдымен Қаныкей анаға зиярат жасадық. Бейітті сәукеле тектес етіп жасапты, бірақ жоғарғы жағы мүжіліп құлапты. Қалған бөлігі сол күйінде тұр. Алты ғасыр бойы сақталған бейіт құрылысының соншалықты мықты екеніне таңғалмасқа шара жоқ.

Ал, Жұмай атаның зираты дулығаға ұқсайды. Құрылыс сол күйінде сақталған. Сонау 14 ғасырда ата-бабаларымыздың сәулет өнерін өте шебер меңгергеніне таңғаласың.

Негізі екі бейіттің де құрылысы ұқсас, бір қарағанда қазақы киіз үй сияқты.

Бұл анамыз бен атамыз пәк, мөлдір махаббаттың нышанындай.

Сонау 14 ғасырда жоңғарлар бейбіт жатқан қазақ елін қапыда басып алады. Жаудың күші басым болғандықтан, қазақ жағының тырп етуге шамасы келмейді. Осы дәрменсіздікті пайдаланған арсыз, кәпір жау қазақтың ар-намысын әбден қорлайды. Жоңғар ханы әр түн сайын кезекпен қазақтың уыздай жап-жас қыздарының арын төгеді.

Қаныкей ана қазақ халқының ар-намысы аяққа тапталып, әбден қорланып, жер болған кезінде батырлық, ерге тән қайрат көрсеткен. Небәрі 16-17 жастағы нәп-нәзік талдырмаш бойжеткен жоңғар ханының қарнына қанжар сұғып өлтіреді. Сол түні кезек Қаныкей анаға келген екен.

Жұмай ата — Қаныкей ананың жігіті.

Аз ғана қолмен сол түні өзінен үш-төрт есе көп жаумен соғысады. Саны аз болса да бұл жауынгерлердің жауға деген өшпенділігі зор еді. Арымыз тапталғанша өлгеніміз артық деп халықтың намысын биікке ту етіп көтерген. Солай жауды тас-талқан етіп қырып, өздері де сол соғыста шейіт болады.

Осындай қиын-қыстау заманда да Қаныкейдей арулар арын таптатпаған. Ал, қазіргідей бейбіт заманда жүріп тәнін сатып күн көрген көбелектерді еске алсақ, ұяттан жерге кіресің. Басқа ұлттың етегінен ұстап кеткен қыздарды еске алсақ, ішіміз одан сайын удай ашиды.

Біз, Қаныкей қыздай арын ту еткен, Жұмай жігіттей халық үшін жанын берген ұрпақ тудырған елденбіз. Өкінішке орай көбіміз осындай әулиелердің тарихын, тіпті керек десеңіз зиратының қайда екенін білмейтін намыссыз елге айналдық.

Қаныкей ананың басында жатырға ем жүреді, әйел заттарының бойындағы нәзіктік, мейірімділік қасиеттер оянады екен. Ал Жұмай атаның басына барғанда ер азаматтарға батырлық қасиет беріледі, жарға деген адалдық, періштедей, пәк махаббат сезімі оянады.

Екі бейіт екі жерде. Өйткені, қос ғашық бұл өмірден пәк күйінде кеткен, қосылып үлгермеген. Сондықтан, қыз бен жігіт өз туған жерінде жерленген.

Махаббаттан жолы болмай, өмірлік серігін таппай жүрген пенделер болса, осы қос ғашықтың бейітіне зияраттап, құран оқып, тілек тілеуге болады.

Қазақтың әрбір қызына ар-намыс, әрбір жігітіне Отанға, жарға деген жанқияр адалдық, сүйіспеншілік тілеймін!

Айгүл ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ

Қаныкей ана мен Жұмай ата.

Қорым Қорғалжын ауылынан сәл кейін орналасқан. Кесене сәукеле түрінде салынған. Саманнан жасалған кесене ғасырлар өте желге жаңбырға желінген.

Ал, Жұмай атаның кесенесі Мемлекеттік Қорғауда. Атаның кесенесі дулығаға ұқсатылып салынған. Енді бір құдыреті, Қарахан ата мен Айша ананың кесенесіндей екі бөлек. Оң жақта атаның кесенесі орналасқан.

Ел аузында тараған аңыздан естігенім: «Жоңғарлар қазақ ауылын жаулап алыпты. Қазақ жауынгерлері кейін шегінуге мәжбүр болған. Жоңғарлар, елді тонап, халықтың мазасын ала береді. Енді жауыз хан, жас қазақ қыздарын өзінің хан шатырына күнде біреуін әкеліп отыруға бұйрық береді.

Кезек Қаныкей анаға келеді.

Қаныкей ана Жұмай атаға:

— Маған бүгін кезек келді. Мен қанжарымды ала барам, сол кезде жауға шабыңдар,- дейді. Қаныкей ана кіре бере қанжарын етік қонышынан суырып алып ханның қарнына сұғып алады.

Хан: «Қазақ қызы мені өлтірді», — деп ақырғы рет дауыс шығаруға ғана шамасы жетеді. Есік алдында тұрған күзетші жүгіріп келіп, Қаныкей ананың басын шабады. Басы жерге түспей шаңыраққа шашы оратылып құбылаға қарап жан тапсырыпты. Жұмай ата хабар ала сала, көзі қызарып жауға аз әскерімен шабады. Табиғаттың өзі көмекке келгендей дауыл көтеріліп, құм топырақ жаудың есін шығарады. Жоңғарлар артына қарауға шамасы келмей қашады. Кейін халық екеуін арулап жерлеген дейді».

2010 жыл еді. Ақ ұлымыз қайтқаннан кейін есеңгіреп қалғандай күй кешіп жүрген едім.

Бір күні Баянсұлу әпкем: «Аталар сені қыспақта жүр деп айтты»,- деді.

Сол кездері ісініп оң қолымды көтере алмай жүр едім. Бұрынғы қиналыстар қайта оралғандай күйде болдым.

Бірде Қанекей анаға керуендетіп шықтық. Құран оқып болып көлікте отыр едім. Бір сәтте қазақша киінген қыз көрінді. Кейін керуенге ертең барамыз деп бармағандар дайындалды.

Түсімде Қаныкей деген дауыстан ояндым. Сөйтіп «барайын» деп шештім.

Зияраттаған күннің ертеңінде түсімде «саған ота жасалды» деген дауыстан ояндым. Тұра сала төсекте қан тамшысын байқадым. Маған дәрігерлер: «Миома үлкейген. Әрі қарай тексеріліңіз»,- дегенге көнбей жүрген едім.

Алланың құдыреті, Қаныкей ананың шапағатымен жатырыма осылайша пышақсыз ота жасалды.

Маруан аққу.

Жұмай батыр мен Қаныкей ана. Аян. Ақпарат.

Бұл əулиелердің киесі: Қаныкей ананікі — қызыл барыс. Жұмай атанікі арыстан болған екен.

Ат үстінде батырларды бір-бірлеп көрсетті. Дулыға, сауыт киген. Қолдарында қалқан. Жас батырлар.

Қаныкей ана 16-17 жасында дүние салған. Арықша келген, талдырмаш денелі, ақ сары, шашы қоңыр. Басында сəукеле, ақ жамылғысы бар. Қалыңдық саналған.

Қаныкей ана жылағанда, көзінен тамған жас тұзды көлге айналған. Кімде — кім қайғыға ұрынса, жан-күйзелісіне тап болса, осы көлге шомылып жеңілдік алады екен.

Əулие ананың тағы бір ерекшелігі — мейірім төгеді. Ерлі- зайыптылар, бауыр, тума-туыс арасында араздық, суықтық, түсініспеушілік болса, сол жойылып, араға сүйіспеншілік пен мейірім төгіледі екен.

Əулие ананың өжеттілігі, қайсар, бірбеткейлігі- Қарасай бабаға ұқсайды, жалғанып тұр екен.

Ал ем жағынан Түктібай ата мен Домалақ анаға жалғанып тұр екен.

Жұмай ата зиратында ақ атпен батырдың өзі көрінді. Жасы 20-25 шамасында. Жігіттей өмірден кеткен. Үкінің екі көзін көрсетті. Көзі қырағы, түнде, қараңғыда жақсы көрген. Мерген, жебені жақсы меңгерген.

Ақылды, адал, шыншылдығымен Ақбура атамен мінездес, жалғанып тұр екен.

Нəпсіқұмарлықпен ауырған жандар зияраттаса тез жазылып кетер.

Арыстан баба белгісімен Астана төңірегі зияратына қоссын делінді.

Астана төңірегінің бүкілін зияраттағанда- Түркістанда 41- əулиені зияраттағандай нығмет түседі деді.

Əйел заттарына жатырларына дем түседі екен.

Қ. Гүлмира

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *