Менің балалық шағымдағы ауыл


Бала кезді еске алсам сағыныш сезімі жүректі кернейді. Нағыз қазақылықтың сақталған кезі екен ау.

Анам қолдан құрт-ірімшік, май жасайды. Күбі пісіп, құрт жасауға көмектесеміз. Қысқа деп жинаған құрт-ірімшігін анам марқұм үйге қыдырып келген қайынсіңлілеріне, қонақтарға салып беретін. Сонда да анамның қысқа деп жинаған азын-аулақ құрт-ірімшігі таусылмайды. Ошаққа пісірген таба нанның дәмі қандай, шіркін! Арасына қолдан піскен сары майды салып жіберіп, самаурынмен шай ішетін күндерді айтсаңыз. Көктемде қараша үй тігу деген науқан басталады. Абысындардың басы қосылып киіздің жыртылған жерін көктейді. Сосын жабылып қараша үйді тігеді. Біз, балалар керегенің шаңын сүртіп болысып жүреміз. Атам мен әкемнің ағасының үйіндегі қараша үйлер өте үлкен болды. Іші көздің жауын алады. Неше түрлі ою-өрнекті басқұрларымен жайнап, сән-салтанат құрып тұратын. Ол қараша үйлерді тігуге шынымен асар жасайтын. Ал, адамның көбейгені балалар үшін кішігірім той.

Жаз бойы есіктің алдынан қауын-қарбыз, қияр, қызанақ теріп алып жейміз. Анам қауынды өте жақсы көретін еді. Қайнағасының үйіне барса бірден бақшаға кіріп, қауын теріп алады екен. Сосын талдың көлеңкесіне отырып қауын кессе, үлкен әкемнің бала-шағасы тізіліп отыра қалатын көрінеді.

— Осы сендер мен келмесем қауын жемейсіңдер ма?-деп анам марқұм сылқ-сылқ күледі екен.

Аналарымыз жаз бойы тыным таппайды. Неше түрлі тосап, қайнатпа дайындайды. Ал, күзде жұмыс деген қайнайды. Әкем — ауылда бригадир еді. Сыртқа еккен қауын-қарбызды тау қылып үйіп тастайтын. Міне, бұл- нағыз еңбектің көзі. Күз бойы қауыннан тосап, қауын құрт, қауынішек дайындалады. Оның бәрі ойлап қараған адамға бейнет.

Біздің балалық шағымыз тәуелсіздік алған жылдарға тұспа-тұс келді. Айлық берілмейді, мемлекеттен берілер еш көмек жоқ. Сонда да аналарымыз «қыңқ» деген жоқ. Қазіргі қатындардай жаулығын алып аттандап көшеге шықпады. Барымен базар жасады. Барлық тамақты қолдан дайындады. Жерге еңбек етті. Қолдан тары түйді. Тәттінің қат кезінде де бізді аштан қалдырмады. Бидай мен жүгеріні қуырып берді. Ол кезде ұн, шемішке май дегендер дүкенде сатылмайтын. Әкем бидайды ауылдың диірменіне тарттырып әкелетін. Шемішке майды да тартқызып әкеледі. Оның ішінде шемішкенің қабықтары қап-қара болып жүреді. Оны қазанға қайнатқанда қабығы қалқып қазанның бетіне шығады. Иісі жағымсыз болатын. Ас пісірерде әбден күйдіріп алатын еді. Киімді де қолмен тікті. Біз бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Ауылда әкемнің ағасы, үш інісі бірге тұрды. Сол үйдің балалары бір үйдің баласындай бірімізден қалғанды біріміз киетін едік. Өйткені, киім таңдайтын, күй талғайтын жағдай болмаған.

Күздегі науқанның бірі тары түю болды. Сосын балалар үшін ең қызық жұмыс киіз басу еді. Киіз басатын кезде оған арнайы мал сойылады. Ауылдың әйелдері жиналып әңгімесін, өлеңін айтып, киіз басады. Қыздар жағы текеметтің түрін салуға көмектесетінбіз. Осылай күз бойы біраз үйлерде киіз басылып, біраз үйдің жыртығы бүтінделетін. Ол кезде кілем қабырғаға ғана ілінетін. Ал, тықыр палас жұқа болады деп қабаттап киіз төселетін. Сөйтсек, киізде өскен баланың өкпесі ауырмайды екен ғой. Киіз бар шаңды сорып алады екен. Қыс бойы аналарымыз ұршық иіріп, қолдан шұлық, қолғап тоқитын. Осылай шешем байғұс әр баласының жыртығын бүтіндеп бәйек болатын.

Қазір ше? Қазір ауылдағы туыстарымның ешбірі киіз үй тікпейді. Оны тігетін аналар қартайып, қайраты кеткен. Келін-балалар киіз үй тігуді артық бейнет санайды. Оның тесік-құтығын тігуге ерінеді. Той-томалақта болмаса самаурынға шай қойылмайды, ошаққа тамақ пісіріліп, нан жабылмайды. Ауылдан дым да ауылдың иісі шықпайды. Қараша үйге маса кірмесін деп күнде кешке тезектен түтіндік салатын едік қой. Қазіргі ауылда түтіннің иісі жоқ. Далаға от жағылмағасын түтіннің иісі қайдан шықсын ау. Ал, бұрындары кешке қарай көшеде жүріп көрсеңіз, әр үйден тәтті тамақтың иісі бұрқырап жататын. Қазанға быж еткізіліп салынған еттің дыбысы қандай!

Сол кездері ауыл балалары ауырмайтын еді. Ішкен-жегені табиғи тамақ, жұтқаны таза ауа болғасын балалардың денсаулығы мықты болды. Құлап қалып бір жерімізді жарақаттап алсақ құ м сеуіп кете беретінбіз. Ешқандай асқыну, іріңдеу деген нәрсе жоқ еді. Енді, қазір жедел жәрдемсіз өмірді елестетіп көріңіз.

Кешегі ауыл мен бүгінгі ауылдың кейпі осындай. Өркениетке байланысты жеңгелеріміздің жұмысы жеңілдеді. Нан да, тамақ та, шай да токпен пісіріледі. Рахат қой. Бірақ, отпен пісірілген тамақта қуат болады. Ал, қуат- денсаулықтың негізі. Қойдың жүнін сата ма не істеп жатқанын білмеймін. Бірақ, киіз басып, жүн түтіп, ұршық иіріп, шұлық тоқып жатқан бір әйелді көрмеймін. Қолөнермен айналысқанда әйелдің қолындағы қара қуаттар шығады екен. Жүн түтудің өзін қараңызшы. Назарыңды бір нүктеге қадайсың. Заманауи психологтардың айтып жүрген медитациясының көкесі осы емес пе?

Ауылдан да береке кеткен деген осы ма екен? Бірақ, соншалықты береке де кете қоймаған шығар. Бірақ, қазіргі ауыл менің балалық шағымдағы ауылдың айырмасы жер мен көктей. Бұрынғы берекені, ауыл адамдарының ұйымшылдығын, татулығын, еңбекқорлығын аңсаймын ау!

Айгүл Төребекқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

− 1 = 8