Қазаққа келген бақ жолы


Былтыр тамыз айында маған жолдасым Тоқберген ағаның бейне таспасын салыпты. Ашып тыңдап едім, ол кісінің әрбір сөзінде шындық пен қуат бар екенін сезе бастадым. Ютубтан іздеп күнделікті хабарларын көріп, тыңдап отырдым. Күннен күнге қызығушылығым арта бастады. Бірінші өзіме құран қатым түсірттім де, артынша сырқат белгісі келді. Сырқат белгісі анық нақты келгенде, одан да қызығушылығым артып, үш перзентім мен жолдасыма құран қатым түсірттім. Оларға келген сырқат белгісі мені одан бетер алға жетелей бастады.

Содан әрқайсымызға емдер жүре бастады да, бойларымызда, істерімізде өзгерістер пайда бола бастады. Күндегі хабарды күнде көріп тыңдап отырдым. Абылай хан бабаның зиратын көтереміз дегенде қуанғанымнан садақа салдым. Артынша ата жолын бастаған Тоқберген аға тобымен Абылайхан бабаның орнын тауып, белгі қойып қайтқанын көрдім де, Абылайхан бабаға зиярат етіп баруға ынтық болдым.

Сонымен екі ұлыммен, жолдасыммен екі немеремді алып, бейне таспада айтқан жолмен Абылайхан бабаға барып зиярат еттік.

Сол жерге барып екі бас сәлем намазын оқыдық. Тура намаздыгер намазының уақытында барған екенбіз, сол намазды да оқып алдық. Ол жерден керемет жұпар иіс аңқып тұр екен. Кеткіміз келмей біраз отырдық. Ауа- райы да керемет екен. Ол жердің ерекше қасиетін сезініп кете алмай отырдық.

Екі ұлыммен мен сол жерден ақ түсті, сап- сары түстің жарқырағанын және қып — қызыл түс пен жап — жасыл түстерді көріп, қуанышымызда шек болмады. Бір — бірімізге қайта — қайта айтып қоямыз. Көзімді жұмып ашсам қызыл — жасыл түстер алма кезек көріне берді.

Ақтық апарып жауып, қайта алып қайттық. Келген соң Алладан келіп жатқан отбасымыздағы, әрқайсымыздағы өзгерістерді сезе бастаған соң, ай сайын отбасыма түгел құран қатым түсіре бастадым.

Халифа алтай атамыздың құран кәрімін оқу керек дегенді естіген соң, өзім оқи бастадым. Қырқүйек айынан осы маусым айына дейін жетінші рет оқып жатырмын.

Ұлдарыма да сатып алдық, олар да күнделікті оқып жүр.

Отыз жеті мүшел жасымда аяғым ауырлап, қаралықтардың кесірінен сегіз жарым айлық қыз бала ішімде шетінеп кеткен, өлі туылған еді. Қан қысымым 280-ге көтеріліп, Сол жағымнан жартылай инсульт алғанмын. Сол жақтағы тіземмен отырып тұруым қиындап кеткеніне ұзақ уақыт болған еді.

Айтайын дегенім, Тоқберген ағаны түсімде көрдім. Ол кісімен біраз сөйлескен соң сол жағыма келіп, «сүйек тазалау керек»,- деп айтты. Сол жағымдағы аяқ сүйектеріме ем жүреді екен деп түсімді жорыдым.

Сол күні маған тағы сырқат белгісі келді. Онда бір ай ораза ұстау керек деп жазыпты. Асқазандағы қаралықтан біраз жылдан бері ораза ұстай алмай жүрген болатынмын. Он күндей қиналмай ораза ұстадым. Кешке намаз оқып болған соң тіземді уқалап дем салғым келді. Сөйтіп дем салып жайлап уқалап отырдым. Енді тұрайын десем тұра алмаймын, тізем қарысып қалған. Балаларымды шақырып төсегіме жаттым. Содан он шақты күндей ем жүрді. Асқазаныма да ем жүре бастады. Өзім емшілікпен айналысқан соң жылдам сезініп отырдым.

Сонымен өзіме жеті рет құран қатым түсіргенде, сырқат белгісінде «жеті ата-бабаның қолдауы бар. Енді әулие бабаларың Түркістан төрінен күтуде» деген хабар келді. Содан мамырдың алғашқы үш күнінде оң қолыма белгілер түсе бастады. Оны уатсапқа топқа да салдым. Балаларыма бес реттен, жолдасыма үш рет, бауырларыма төрт рет құран қатым түсірттім. Бауырларымның жағдайын сырттай біліп отырдым. Оларда да оң өзгерістер болып жатқандарын сезе бастадым.

Отбасыма, әулетімізге ынтымақ, береке кіре бастады. Аллаға шүкір! Бауырымның баласымен қайтып келген қызын жолдасы келіп кешірім сұрап алып кетіпті.

Содан «құрбандық шал» деген аян келді. Біраз құрбандықтар шалып, көп балалы үйлерге таратып тұрдық. Сол төрт-бес қойды қатар құрбандық шалып жатқан кезімізде өзім аулада тұрып қолымды жайып, Алладан тілек тілеп тұрғанымда айналамның барлығы қып — қызыл түске боялып тұрғандай болды. Ата-бабаларымның аруақтары көтеріліп жатыр екен ғой деп қатты қуандым.

Содан карантин басталып кетті де, тағы құрбандықтар шалуым керек болды.

Біркүні топ басшысы Майра: «Ордада құрбандық шалдыруға болады»,- деп жазыпты. Қуанышымда шек болмады.

Алланың үстін — үстін беріп жатқан жеңілдіктеріне өте риза болдым.

Өзім де күнделікті емдер жүріп, қыңқыл — сыңқылым көбірек болып жүрген…

Сонымен ордаға хабарластым. Нұрғиса мен қасындағы Ата жолдық бауырларға Алланың нұры жаусын!

Ақшасын салғаным болмаса өздері қойды сатып әкеліп, үш жұртқа құран қатым оқып, оны таспаға түсіріп, сырқат белгілерін салып отырды. Сонымен Ата жолында екі келінім мен қызымның аттарынан құрбандықтар шалынды.

Ең бастысы алла ниетімізді қабыл етсін. Түс көрсем болды түс садақасын салып бекітіп отырамын. «Ата жолы» Алла тағаладан келген қазаққа бақ жолы екеніне көзім жетті.

Алла жолына берген әрбір құрбандық, садақаларыңыздың Алладан он есе қайтатына сеніңіздер. Ата бабаларыңызға, үш жұрттарыңызға арнап жиі — жиі құран қатым түсіріп аруақтарыңызды көтеріп отырсаңыздар, отбастарыңызға береке кіріп, жолдарыңыз ашылып, жағдайларыңыз жақсарары анық.

Алланың қалауымен қазақ халқына келіп тұрған жеңілдіктерді уақытылы пайдалана біліңіздер дегім келеді .

Бибі — Әмина. 2020 жыл, жаз айы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

− 3 = 2