Ата жолынан аруақтың қолдауын алдым


Он бес жасымда намазға толық түстім, бірақ салт дəстүр бойынша киінбедім. Тек өзім үшін намаз оқып жүрдім. Содан баяғы орамалды артқа тағып, жүрегім таза ғой, намазды болса да оқимын деп ібілістің арбауына түстім. Күндердің күні намазым да қалды. Сөйтіп теңселіп біраз жүрдім.

2004 жылдары бір таныс кісі: «Осы жерде, бір Орда бар, бүкіл шындықты айтады»,- деді. Дəретімді алып бардым, Арыстан баба Ордасы деп жазылып тұр екен. Кәрібоз аға мен Раушан апайдың үйі екен. Адам деген көп, жүрегім біртүрлі боп толқи бастадым. Аталар жетім өскенімді айтып, біраз жылап та алдым. Түркістанға жол түсті. Ақша болған сəтте ойланбастан бардым. Кейін — қасиетің бар аққу боласың,- деді. Ол кез жасым небәрі 25 — те еді. Алматыға барып, Ақ Ұл ағамыздан мөр алдым, қасымда екі аққу отыр.

— Сөйле, — деп жатыр.

— Аталарың келді, қай ата? — деп сұрақ қоя бастады.

Екі шекем бірден қысты, қысқаны сонша жаныма қатты батты.

— Қайназар ата, — дедім.

— Дұрыс,- деді аққулар.

— Жүрегіңнен үн шығар, аруақ келіп тұр,- деді.

— Анам,- деп айтқаным сол еді, аузыма сөздер құйылып келе берді. Əйтеуір анаммен сөйлесіп, сағынышымды басқандай болдым. Солай Қайназар атаның қызы болып, ел жұртыма аталардың батасын бере бастадым.

Бұл жолда жаман болмадым. Жолым ашылып, бабалардың басына барып құрбан шалған сайын жолымыз ашыла берді. Наубайхана аштым. Күніне 15 қапқа дейін нан пісіріп, сататын едік. Бірақ ақшаның қадырін білмедім.

Солай жүргенімде Ақ Ұл ағамыз дүниеден өтті. Жаспыз. Бастапқыда ештеңеге түсінбедім, сынақтар басталды. Наубайханам жабылып қалды. Шиеттей бала-шағамен көшіп-қонып жүрдік, далада қалған күндеріміз де болды. Міне осылай он жылдан аса қиындықтан көзім ашылмай, тек жылаумен жүрдім. Татем қайтты, бір айдан соң ағам кетті, одан он күннен кейін енем кетті, арада 4 ай өтпей бір жасар балам шетінеді . Одан кейін көзі ашылмаған күйі қызым де кетті бұл дүниеден. Не болып жатқанын түсінбедім. Алланың сынағы ғой деп журе бердім. Ақыр соңында ауыра бастадым. Жұмыста жүріп өзімнен өзім бата сияқты бірдеңелерді айтып жүрдім. Осы жолға түсер кезде Раушан тәте хабарласты.

Көп уақыт өтпей тіземнен қинала бастадым. Кішкене жұмыс істесем моншаға түскендей терлей бердім, əлім құри бастады. Соңғы ауырғанымда ыстығым көтеріліп, анамды көргендей болдым. Сандырақтап жаттым. Балаларым қасымда қорқып отырды, «өледі» деп ойлапты. Əйтеуір ұлым басымды көтеріп, дəрі беріп, азанда есімді жидым.

Неге бұлай болып кетті деп ойлана бастадым. Есіме Раушан тәтем түсті. Ол кісіге хабарласып едім: «Ата жолымыз қайтадан басталды»,- деді.

— Тақуалықты ұстап, Ата салт дəстүрін ұстауымыз керек,- деп түсіндірді. Қуандым.

Жаман болып жатқанымыз жоқ. Неше жылдар несиеге кіргенмін, жұртқа қарызға батқан едім. Аллаға шүкір. Қазір ұлым жұмысқа тұрып, қарыздарымнан құтылып жатырмын. Сіңлім екі жерден несие алып берген, екі жыл құтыла алмай жек көрінішті болып жүрген едім. Ал биыл Аллаға шүкір, аруақтың қолдауымен несиелерімді жаптым. Осы жолға түскеніме көп болмады. Әрі кетсе жеті ай болды. жеті айдың ішінде біраз мəселелерім шешілді. Құран Хатым шығарып, бабалардың басына барып, аруақтың қолдауын алдым. Ағаның қамшыларынан өтіп, мінез-құлқымды өзгерттім. Арам астан тиылдым.

Назгүл. 2020 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *