Алғашқы керуенде


Алғаш керуенге шыққан кезім 2003 жылдың ақпан айы еді. Бағыт Ақбура атаға түскен. Көлігіміз сары пазик болатын. Алдыңғы үш орындығынан басқасын алып тастаған, киіз төселген және терезелері фанермен жабылған еді. Отырғанда дала көрінбейтін. Отыз шақты адам едік. Арамызда жүре алмайтын қыз болды. Анасы қасында, ағасы қызды көтеріп жүретін. Екінші күні Ақбура атаға жол тарттық. Ақпан айы болған соң жолдың нашарлығынан атаның басына көлікпен жете алмайтын болдық.

Шеткі ауылға жеткенде бізді бір апа есегімен күтіп тұрды.

Кеше ата аян берді, маған бір қыз келе жатыр соны басыма жеткіз деген,- деп қызды есегіне мінгізіп, жетелеп жеті шақырым жердегі атаның басына жаяу жеткізді. Бәріміз де сол кісіге еріп, жаяу барып жаяу қайттық.

Аталардың батасын алдық. Бірін түсінсем бірін түсінбейтінмін. Сонда да мен бір ерекше сезімде болдым, маған өзгеше әсер етті.

Үшінші күні Айша бибі ананың басына бардық. Таңға жуық Алматыға қарай жолға шықтық. Тараздан енді шыға бергенде жаңағы жүре алмайтын қызымыз (өзі дұрыс сөйлей де алмайтын еді) «апа, апа жібер» деп айғайлай бастады.

— Апа жібер қолымды, жіберші,- деп жылап тебіне бастады.

Бәріміз аң-таң болып отырмыз. Бізді апарған аққу қыздар әлек болып, атадан сұрап, «қайтадан Айша ананың басына бару керек» деп шешті. Сонда бәріміз Айша ананың басына барыппыз да, қызды шырақшының үйіне қалдырып кеткен екенбіз. Содан жібермей тұр деп қайтадан бәріміз барып, кесенеге құран бағыштап, жолға шықтық.

Тараздан шыға бере тағы қызымыз айғайлап: «Жіберші апа, қолымды жібер»,- деп жылай бастады.

Біз аң-таңбыз. Не болды екен деп отырмыз. Тараздан ұзаған сайын жылап, бақырып қыз қиналып кетті. Содан кері қайтуға тура келді. Қызды шырақшының үйіне алып кіріп кетті, біз көлікте отырдық. Аққуымыздың біреуі келіп: «Жаңағы қыздың жүрегі тоқтап қалды, кәлима айтып отырыңдар дұғада болыңдар»,- деп қайтадан үйге кіріп кетті. Содан таң атқанша құран оқып , бар білгенімізді айтып бүкіл автобус қыздың тілеуін тіледік. Бірнеше сағат қызбен алысқан аққулар келіп, Алланың кереметімен есін жиып қыздың оянғанын, анасымен осында Айша ананың басына тастап кететіндерін айтты. Айша ана жібермей тұрғандығын, ағасының бізбен бірге ары қарай баратындығын айтты.

Сонда қыз бір өліп, тірілді. Ол жастайынан қояншық ауруымен ауырады екен. Қасиеті бар қыз болып шықты. Әруақтың қыспағы келгенде оны түсінбеген анасы қояншық ауру деп тек дәрігердің емін ғана алады екен. Жастайынан тек дәрімен өскен қыз әбден қыспақтан қиналған. Бой жетіп қалса да ақыл есі кішкентай бала сияқты болатын.

Сондай хикметтерді көріп, бәріміз тәубеге келдік. Керуенде біздер тек дұға жасап Алладан кешірім сұраумен болдық. Бәріміз бір отбасы сияқты болып кеттік.

Автобустан дала көрінбейтін. Бір кесененің қасына келіп тоқтаймыз, құран бағыштап қайта жолға шығамыз. Бес күн бойы солай жүріп отырдық .

Шымкентке қайта келгенде адамдар өздерімен өздері, абыр- сабыр , у-шу қала өз тіршілігінде. Біздер өзге елге келгендей, басқа бір әлемге түскендей сезімде болдық. Ортамыздағы бір жігіт отырып, отырып: «Е, пенделер сендер не білесіңдер?»- дегені бар еді.

Бағила, Астана қаласы. 2020 жыл, жаз айы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *