Аманат


2004 жыл. Студентпін. Жермен жолсапарға шықтық. Көлік жаңалау. Апам, жездем, мен және құрбым. Байқоңырдан тойдан қайтып келе жатырмыз. Қармақшыға жақындадық. Жолда Қорқыт ата мен арасы 50 метр қашықтықта Ақсақ қыз әулие жатыр. Жолдан Қорқыт атаға түсіп құран бағыштадық.

Жездеме айтам: «Әне жақын ғой. Ақыры келдік, Ақсақ қызға сәлем беріп, құран бағыштап бір жола шығайық»,- деп.

Ол: «Өлгендерді аралап, түгендеп жүретін уақыт жоқ»,- деп қырсықты.

Сонымен қайтадан жолға шығып кеттік. Қармақшы мен Жалағаш аудандарының қиылысында көліктің барлық есігі тас болып құлыпталып, ашылмай қалды. Тежегіш, меңгергіш рөл бәрі істен шықты. Өте ақырын жылдамдықпен келеміз. Не озбайды, не қалмайды. Жездем сабырсыздау. «Не болды» деп, бәрін түртіп көруде.

Сосын маған: «Сенің кесірің, өлген аруақтарыңды шақырдың ба?» — деп айқайлай бастады. Мен ішімнен: «Құдай сабыр бер, сабыр сабыр»,- деп отырмын. Бір уақытта көлік тоқтады. Есіктер құлыптардан ажырады. Сыртқа атып шықтық. Жездем бәрін тексерді, ештеңе жоқ. Әрі қарай жолымызды жалғастырып Қызылордаға әрең жеттік-ау!

***

Үйге келген соң аян алдым. Түсімде Ақсақ қыздың кесенесінің алдында тұрмын. Қарабура атаның қызы Бегім сұлу ананың кесенесі тәрізді үлкен күмбез екен. Есік ашылды. Ішінен бір қыз шықты. Орта бойлы, бұрымы белінен келеді. Ақсары, көздері көкшіл, бойы тапалдақ, томпақтау екен.

«Сенің маған аяғың жетпей қалды ма? Неге соқпадың? Мен күттім ғой. Аяғыңнан шалып, орып жіберейін ба?»,- деді қатуланып.

Мен сүмірейіп, қорқып тұрмын:

— Мен емес, Сардар ғой (жездемнің аты) соқпаған, айтып едім тыңдамады»,- деп шырылдадым.

Сосын: «Жарайды, жолың түскенде басыма бір қойыңды арқалап келерсің.

Есік алдында жайылған дастарханнан қалағаныңша нан алып кет»,- деді.

Мен: «Иә, жарайды. Алла қаласа барамын»,- деп сөз бердім. Шынында есік алдында ұзыннан жайылған дастархан үстінде бауырсақтар шашылып жатыр екен. Қолымдағы дорбаға аздап салып алдым. Мен сияқты жолаушыларға да қалсын деп қанағат тұттым.

Содан бері Ақсақ қыз әулиеге жолым түспеді. Бірақ ішімнен сезем. Аруақ әлі де мені күтуде. Бұл — менің мойнымдағы аманатым!

 

Фируза Алданова. 2020 жыл, жаз айы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *