Аманат
2004 жыл. Студентпін. Жермен жолсапарға шықтық. Көлік жаңалау. Апам, жездем, мен және құрбым. Байқоңырдан тойдан қайтып келе жатырмыз. Қармақшыға жақындадық. Жолда Қорқыт ата мен арасы 50 метр қашықтықта Ақсақ қыз әулие жатыр. Жолдан Қорқыт атаға түсіп құран бағыштадық.
Жездеме айтам: «Әне жақын ғой. Ақыры келдік, Ақсақ қызға сәлем беріп, құран бағыштап бір жола шығайық»,- деп.
Ол: «Өлгендерді аралап, түгендеп жүретін уақыт жоқ»,- деп қырсықты.
Сонымен қайтадан жолға шығып кеттік. Қармақшы мен Жалағаш аудандарының қиылысында көліктің барлық есігі тас болып құлыпталып, ашылмай қалды. Тежегіш, меңгергіш рөл бәрі істен шықты. Өте ақырын жылдамдықпен келеміз. Не озбайды, не қалмайды. Жездем сабырсыздау. «Не болды» деп, бәрін түртіп көруде.
Сосын маған: «Сенің кесірің, өлген аруақтарыңды шақырдың ба?» — деп айқайлай бастады. Мен ішімнен: «Құдай сабыр бер, сабыр сабыр»,- деп отырмын. Бір уақытта көлік тоқтады. Есіктер құлыптардан ажырады. Сыртқа атып шықтық. Жездем бәрін тексерді, ештеңе жоқ. Әрі қарай жолымызды жалғастырып Қызылордаға әрең жеттік-ау!