Ата жолы - бабалар салған ізбенен

Ата жолы, ол – ұғым, Алланың құдыретімен, тылсым дүниемен тікелей байланысты, өзіндік тарихы бар дүние, мақсаты - рухани бағыт, бағдар беру. Ата жолы, ол – біздің тарихымыз, жүріп өткен жолымыз, алдағы көретін күніміз, келешегіміз, болашақ ұрпақ тағдыры.

Тылсым тапсырмасымен бүгінге дейін хатқа түсірілген 11 атаумен, 33 кітап болып басылып шығатын кітаптар жүйесі тұр. Бұл кітаптарда ата-бабларымыз меңгерген жаратылыс ілімі мен құпия сырлар баяндалады. Математикалық, астрономиялық есептер мен геометриялық сызбалар, әлі де айтуға болмайтын, бүгінгі Ғылым әлі жете қоймаған құпия ақпараттар тұр.

Кітаптардың алғашқылары (әліппесі) арнайы сайт бетінде жарияланған. Өту үшін келесі сілтемеге өтіңіз.


Ата жолы кітапханасы

Мен Ата жолына қалай келдім?


Бұл жолдың шет жағасын шамамен 2003 жылдарда естідім. Қызылордада ата-енеммен бірге тұратын кезім еді. Бір күні енем екеуміз менің төркініме қонаққа бардық. Сол жақта өзімнен үлкен апам Алматыда аруақтармен сөйлесетін адамдар шығыпты деп айтып отырды. Мен оған онша мән бермедім.

— Екі ортаға телефон орнатып қойған шығар, — дедім әзілдеп. Негізі қазақы ем, құмалақшы дегенге онша қызыға қоймайтын едім.

«Атаң құсап сөйлейсің ау, жынды»,-деп енем күлді. Атам қалжыңдап, күлдіріп сөйлейтін адам еді. Ата жолы туралы бар білгенім осы еді. Бірақ, бұның Ата жолы деп аталатынын, бабалардың салып өткен даңғыл да қасиетті жол екенін қайдан білейін.

2005 жылы жұмыс барысымен Астанаға көшіп келдік. Бастапқы кезде күйеуімнің нағашыларымен саяжайда үй жалдап тұрдық. Бір күні бірге тұратын абысыным былай деп әңгіме айтты. «Ағам бір жерге барған екен, сол жақтан Түркістанға барыпты. Арақ ішуге, темекі шегуге болмайды депті. Содан бәрін қойып жақсы болып кетті»,-деді.

— Жақсы болған екен,-дедім де онда да мән бермедім.

Толық оқу…


Ақ Ұл атадан мөр алғанда


Ақ Ұл атадан ашылғанда адамның көптігі соншалық аулаға сыймады. Сыртта күтіп тұрған біз біреулердің жылап шығып жатқанын көріп қорықтық. Біреулер егер арқаңнан үш рет ұрса да үн шықпаса мөр бермейді екен деп жатты. Бір кезде менің де кезегім келді. Ине шаншар жер жоқ. Адамдар үш қатар отыр. Алдыңғы қатарда отырған молданың арқасынан үш рет алақанымен ұрса да бір түрлі дыбыспен ыңыранғандай болып отырды. Бірақ, сөйлемеді. Солай жағалап келе жатты.

Жүрегім аузымнан шыға жаздап отырғанмын, кенеттен арқамнан бір алақанымен ұрғанда, «бісімілла» дедім де тоқтап қалдым. Сосын тағы ұрды. «Ей ұрпақтың баласы!»,- дегенім сол екен, екінші аққу қыз: «қай ата?» дегенде «Сүйінбай ата» дедім. Маған бара бер деді.

Міне, маған шын, басқаға ертегі! Құдайда қазына көп! Бұл да қарапайым қазақ баласына берген Алла Тағаламның мұғжизасы екен.

Балия апа


Ақ жолымды ашып, ақыретімді ойлантқан


Қаңтар айы еді. Қайын ағамның үйінен шығып анама хабарластым. Шыдамымның біткенін, күйеуіммен енді тұра алмайтынымды айттым. Бірге жұмыс жасайтын қызбен кететінімді айттым. Анам қиналса да рұқсат берді. Балаларымды тастап 2004 жылдың қаңтар айында Атыраудан бір-ақ шықтым.

Күнде түс көремін. Түсімде ұшып жүремін, біреуден қашып жүремін. Таң атқанда шаршап тұрамын. Күндіз далада біреу атымды айтып шақырғандай болады. Далаға шығып іздеп келемін. Тұрып жатқан үйдің келіні бір күні қорықтық құйды. Ондайды бірінші рет көруім. Содан шамалы дұрысталғандай болдым.

Елге бір барып келіп, күйеуіме қайта қосылдым. Шамалы жұмыс жасап екі бөлмелі үй алдық.

Тағы да түс көру. Бір күні үлкен көпірден (ауылдағы) өтіп келеді екенмін деймін. Оң балтырымды үлкен сым қиып кетіп қанап жатыр екен. Екі күн өтер-өтпес қайным өзіне қол жұмсап қайтыс болды.Солай өмірім өтіп жатты. Тағы да күйеуімнен біржола кетіп қалдым. Бірақ әлі күнге дейін заңды түрде ажырасқаным жоқ. Сол бір күндері тағы түс көрдім. Қайын атам екі қайтқан нағашыларыммен дастархандас болып отыр екен. Тағы да өзіме-өзім сыймай кеттім. Ауылға телефон соқсам, қайын атам өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты. Сонымен өмір өте берді. Қателігім де өзіме жетерлік болды. Бірақ өзім білемнен қайтпадым. Өзімнің мәңгүрттеніп қалғанымды Ата жолына келгелі түсініп келемін.

Екі перзентімді асыраймын деп адал еңбек еттім. Жұмысымды таңғы бестен бастаймын. Бәліш, тоқаш, ыстық тамақ пісіремін де сатып келемін. Жолай тамағымды әкелемін. Келе ыдыс жуам, ертеңге дайындаламын. Осылайша мұғалім басым аяқ астынан аспаз болып шыға келдім. Одан үйлерге жалдамалы тамақ пісіруге барамын.

Қанша тыраштанып еңбек етсем де тапқан табысымның берекесі болмай қойды. Баяғы үйді сатқыздым. Бауырларым үйдің ақшасын жұмсап, олармен қатты ренжісіп қалдым. Солай үйсіз қалдым.

Толық оқу…


Талай хикметтердің куәсі болдым


2005 жылы қыркүйек айы еді. Жұмыстан кезекті еңбек демалысымды алып, Көкшетаудың Бурабай деген жеріне Сəкен Сейфуллин атындағы шипажайға бардым. Шипажайға келгеніме үш-төрт күн өткенде асханада таңғы ас кезінде қасыма əжесі, қызы, немересі келді. Таңғы асқа шұжық берілген еді.

Олар: «Бізге мына шұжықты жеуге болмайды»,- деп ысырып қоя салды.

— Неге бұл тағамды жемейсіздер?- деп сұрадым.

Олар әңгімелерін айта бастады:

— Біз шипажайға 10 күннің 5 күніне кешігіп келдік. Себебі Түркістан жақтағы киелі жерлерге керуенмен зияраттап келдік. Біз барған кезде 300- ден астам адам барды. Жан-жақтан тіптен өзге ұлттар да көп болды,- деді.

— Мына балақай түнде кіші дəретін төсекке жіберіп қоя беретін, сол жаққа барып келгелі жақсарды,- деді.

Одан кейін Көкшетаудың табиғатын тамашаладық. Оқжетпес, Жұмбақ тас, Абылай хан бабаның отырған тағына барып суреттерге түстік. Серуендеп жүргенде ешқашанда ауырып көрмеген бас қысымым аяқ астынан көтеріліп, мазасыздана бастадым. Он күнгі демалысымда басымның ауырғаны соншалықты тіптен дəрі-дəрмекке де басылмады.

Сонымен шипажайдағы демалысым аяқталып, ауылға келдім. Еңбек демалысымның аяқталуына əлі де он шақты күн қалған еді. Ақтау қаласындағы əкемнің қарындасының баласы үйленіп құтты болсынға бару үшін жолға шықтым. Атырау-Маңғыстау бағытымен пойызға мініп, вагонға жайғастым. Жолсерік өзімен бірге 25-27 жас шамасындағы əйел мен 5 жасар қызын ертіп алып келді. Жолсерік: «Мына балалы əйелдің орны жоғары болып тұр. Төменге ауыстырасыз ба?»,- деп рұқсат сұрады.

Мен дереу келісімімді бердім.

Толық оқу…


Аманат


2004 жыл. Студентпін. Жермен жолсапарға шықтық. Көлік жаңалау. Апам, жездем, мен және құрбым. Байқоңырдан тойдан қайтып келе жатырмыз. Қармақшыға жақындадық. Жолда Қорқыт ата мен арасы 50 метр қашықтықта Ақсақ қыз әулие жатыр. Жолдан Қорқыт атаға түсіп құран бағыштадық.

Жездеме айтам: «Әне жақын ғой. Ақыры келдік, Ақсақ қызға сәлем беріп, құран бағыштап бір жола шығайық»,- деп.

Ол: «Өлгендерді аралап, түгендеп жүретін уақыт жоқ»,- деп қырсықты.

Сонымен қайтадан жолға шығып кеттік. Қармақшы мен Жалағаш аудандарының қиылысында көліктің барлық есігі тас болып құлыпталып, ашылмай қалды. Тежегіш, меңгергіш рөл бәрі істен шықты. Өте ақырын жылдамдықпен келеміз. Не озбайды, не қалмайды. Жездем сабырсыздау. «Не болды» деп, бәрін түртіп көруде.

Сосын маған: «Сенің кесірің, өлген аруақтарыңды шақырдың ба?» — деп айқайлай бастады. Мен ішімнен: «Құдай сабыр бер, сабыр сабыр»,- деп отырмын. Бір уақытта көлік тоқтады. Есіктер құлыптардан ажырады. Сыртқа атып шықтық. Жездем бәрін тексерді, ештеңе жоқ. Әрі қарай жолымызды жалғастырып Қызылордаға әрең жеттік-ау!

Толық оқу…


Хикметті күндер


Алланың құдыретімен 1995 жылдың аяғында өмірге кенже баламды әкелдім. Өзім сол кезде үшінші мүшелде едім.

Құдай қосқан қосағым екеуіміз түйдей құрдас едік. Бақытты отбасы болдық. Жолдасым қызмет бабымен анда- санда ұрттап келетін, кейінгі кезде жиілетті. Содан шаңырағымызға сызат түсе бастады.

Жолдасымның жұмысындағы бір кісі: «Қаскелеңде Ақ Ана деген емші бар. Сіз соған барсаңыз, ащы су ішкендерді қойдырады екен»,- депті.

Енем, жолдасым, қайным Нұрқанат үшеуі емшіге кетті. Емші деген соң, бір кәрі апа деп ойладым, басына ақ кимешек киген болып елестеді. Мен жасқа толған кішкентай бөпеммен үйде қалдым.

Жолдасым:

«Жап-жас, халық көп барады екен, үш күн бару керек екен»,- деді. Үш күннен соң Ақ ана:

«Бәрі жақсы болады, Түркістанға барасыз, әулиенің басынан әйеліңіз екеуіңіз өтуіңіз керек»,- депті.

***

Толық оқу…


Ауырпалықты алған қошқар


Жаңарған Ата жолында 2018 жылдан бері Тоқберген ағамыздың бейне жазбаларын тыңдап келе жатқан жайым бар. Адамдардың бойлары, ойлары, құлақтары, көздері, түгел қаралықтан тығындалып қалады екен. Тоқберген ағаның зікірлерін тыңдап, бейне таспаларын көру арқылы, жиылып қалған қаралықтардан әрбір пенденің бойына тазару жүре бастайтынына жайлап көзім жетіп келеді.

Ақ Ұл ағадан 22 жасымда мөр алып, Қайназар атамен ашылдым. Жастайымнан аурушаң болдым. Ата-анамыз үнемі молдаларға оқытып, емдететін. Есейдім. Одан кейін тұрмысқа шықтым. Ауру бойдан кетпеді. Дәрігердің емі конбады.

Күндердің күнінде 2006 жылы Құдай жарылқап әулие, баба, аруақтардың колдауының арқасында Сейілхан ана Ордасынан бір-ақ шықтым. Бірінші күні шыраққа барғанымда Арыстан бап баба аруағынан бата алдым. Батада анамның жатырында жатқанда жеті айлық кезімде тандалғанымды, бойдағы ауру емес қасиет екенін айтты.

«Бойдағы қасиетті алсаң бағың, алмасаң қасірет болады»- деді. Сол күннен бастап менің өмірім жақсы жағына өзгере бастады.

Сол жылы кіші керуенге, артынша үлкен керуенге шықтым. Содан кейін мөр алып, Аққу болдым. Алланың оңдылығы мен әулие бабалардың колдауының арқасында аруақтың батасын жеткізетін болдым. Ол кездегі бата, әрбір жүректен шыққан сөз атылған оқ болатын.

Толық оқу…


Ақиқат әлемі


Ата жолына 2006 жылдың күзінде қиындық қысып, қыспақтан қажыған, мына өмірден күдер үзе бастаған шақта келдім. Оралман ретінде Ташкенттен көшіп келгенбіз.

Тірліктен мəн кеткен кез. Аянды ерекше көретінмін. Түсініксіз болса да қуанышты еді.

Ауылдағы мешітке барып, құран бағыштатып, садақа салып жүрдім. Бір күні жаны жəннатта болғыр мешіт имамы: «Сен енді мешітке келмей-ақ қой, Сенің орның жоғарыда, дем салдырмай тұр»,- деді. Солай Ордаға жол сілтеді. Ордаға шырақ күні бардым, бірақ түк түсінбедім. Қорқыныш, үрей отырғызбады. Бата шығарды. «Бұхар баба күтіп жатыр» дегені ғана есімде қалды.

Жылды артқа тастап ұмытылған Орданы тағы іздеп бардым. Сөйтіп жүріп үй жанындағы Қаныш атаны таптым! Өмір бойы жүректің іздеген қуатын осы бата арқылы алдым, Күн құрғатпай алты ай бойы шырақтардан қалмадым, аязға қарамай түн демей күн демей Ордаға барып жүрдім. Аруақтар аян арқылы жол көрсетіп жетелей берді.

Әкем 1997 жылы дүние салды. Көзінің тірісінде осы жолдың əліппесін түсіндіріп кеткен екен. Өзі де түсінбеген болса керек, бірақ сөзі де, əңгімесі де əруақ туралы болатын. Бір сөзінде: «Жердің беті əруаққа толады», -дегені бар-ды.

1996 жылы тұрмыстан қиналып жүрген кездері аян көрдім. Абай ата, Ыбырай ата кесенесі қатар тұр. Қара бұлт төбеме тиердей боп үрейден жылап тұрмын. Ақ сұлбада ірі денелі кісі: «Тұр орныңнан! Əне, сенің жолың»,- деп жарықты көрсетті. Ол жарық ұмытылмайтын жарық еді! Таңда тұрып қолға қалай қалам ұстап, қалай жазғаным əлі де жұмбақ секілді.

Толық оқу…


Алғашқы керуенде


Алғаш керуенге шыққан кезім 2003 жылдың ақпан айы еді. Бағыт Ақбура атаға түскен. Көлігіміз сары пазик болатын. Алдыңғы үш орындығынан басқасын алып тастаған, киіз төселген және терезелері фанермен жабылған еді. Отырғанда дала көрінбейтін. Отыз шақты адам едік. Арамызда жүре алмайтын қыз болды. Анасы қасында, ағасы қызды көтеріп жүретін. Екінші күні Ақбура атаға жол тарттық. Ақпан айы болған соң жолдың нашарлығынан атаның басына көлікпен жете алмайтын болдық.

Шеткі ауылға жеткенде бізді бір апа есегімен күтіп тұрды.

Кеше ата аян берді, маған бір қыз келе жатыр соны басыма жеткіз деген,- деп қызды есегіне мінгізіп, жетелеп жеті шақырым жердегі атаның басына жаяу жеткізді. Бәріміз де сол кісіге еріп, жаяу барып жаяу қайттық.

Аталардың батасын алдық. Бірін түсінсем бірін түсінбейтінмін. Сонда да мен бір ерекше сезімде болдым, маған өзгеше әсер етті.

Үшінші күні Айша бибі ананың басына бардық. Таңға жуық Алматыға қарай жолға шықтық. Тараздан енді шыға бергенде жаңағы жүре алмайтын қызымыз (өзі дұрыс сөйлей де алмайтын еді) «апа, апа жібер» деп айғайлай бастады.

— Апа жібер қолымды, жіберші,- деп жылап тебіне бастады.

Толық оқу…


Ата жолынан аруақтың қолдауын алдым


Он бес жасымда намазға толық түстім, бірақ салт дəстүр бойынша киінбедім. Тек өзім үшін намаз оқып жүрдім. Содан баяғы орамалды артқа тағып, жүрегім таза ғой, намазды болса да оқимын деп ібілістің арбауына түстім. Күндердің күні намазым да қалды. Сөйтіп теңселіп біраз жүрдім.

2004 жылдары бір таныс кісі: «Осы жерде, бір Орда бар, бүкіл шындықты айтады»,- деді. Дəретімді алып бардым, Арыстан баба Ордасы деп жазылып тұр екен. Кәрібоз аға мен Раушан апайдың үйі екен. Адам деген көп, жүрегім біртүрлі боп толқи бастадым. Аталар жетім өскенімді айтып, біраз жылап та алдым. Түркістанға жол түсті. Ақша болған сəтте ойланбастан бардым. Кейін — қасиетің бар аққу боласың,- деді. Ол кез жасым небәрі 25 — те еді. Алматыға барып, Ақ Ұл ағамыздан мөр алдым, қасымда екі аққу отыр.

— Сөйле, — деп жатыр.

— Аталарың келді, қай ата? — деп сұрақ қоя бастады.

Екі шекем бірден қысты, қысқаны сонша жаныма қатты батты.

— Қайназар ата, — дедім.

— Дұрыс,- деді аққулар.

— Жүрегіңнен үн шығар, аруақ келіп тұр,- деді.

— Анам,- деп айтқаным сол еді, аузыма сөздер құйылып келе берді. Əйтеуір анаммен сөйлесіп, сағынышымды басқандай болдым. Солай Қайназар атаның қызы болып, ел жұртыма аталардың батасын бере бастадым.

Толық оқу…