ЯСАУИГЕ ШӘКІРТ БОЛҒАН БАБА МАШЫН
Қожа Ахмет Ясауи жолының күн санап күшейіп бара жатқанынан ислам әлемінің басқа аймақтарындағы діндарлар да хабардар болады.
Күншілдік шіркін қойсын ба, көре алмаған кейбірі Ясауи жолының дұрыстығына күмән келтіріп, қалай да тосқауыл қоюды ойластыра бастайды. Солардың бірі – Қорасан елінен шыққан атақты ғұлама Баба Машын еді. Ол өзінің ілімі мықты деген 400 шәкіртімен Ясы қаласына Қожа Ахметті іздеп келеді. Ясыға келген соң, Қожа Ахметке жолығады.
Баба Машын:
– Елді бүлдіріп, жолдан шығарып жүрген жасыл шапанды сенбісің?
Күн сайын барлық адамның көзінше жиырма төрт миль қашықтыққа ұшып барып келетін ол қол жеткізген рухани дәрежесінің әсерінен көкіректеніп, тәкаппарлық көрсетіп, Қожа Ахмет Ясауидің мәжілісінде әйел-еркек бірге отырғанын көріп кінәламақшы болады. Оңайлықпен басыла қоймаған Баба Машынды Қожа Ахметтің бұйрығымен шәкірттері Хакім ата мен сопы Мұхаммед Данышпан теккенің (сопылардың, дәруіштердің мәжіліс құратын жері) тіреуіне мықтап байлап тастайды. Жүз кісінің шамасы келмейтін ердің екі кісіге әлі келмеді.