Ата жолының алғашқы кездерінде
Ата жолы аталған рухани, тылсыммен байланыс орнататын, ата-баба аруақтарының үнін, аманатын естіртетін құбылысты 2006 жылдың жаз айында күйеуімнің құрдасының Айкүміс деген келіншегі айтып келді. Өздерінің Түркістан өңіріне зияраттап, көп әулие-әмбиелерді тәу етіп, көптеген ғажап оқиғалардың куәсі болғанын, алған әсерімен бөлісті. Оның сөздері маған таныс көрінді. Өйткені соның алдында осы әулиелер туралы Жас алаш газетінен оқып еліміз қандай керемет киелі деген мақтаныш сезімі болған. Айкүміс Ақұл, мөр ашу, аққу-сұңқар, Орда деген сияқты көп әңгіме айтты.
Бұл құбылыстарды болуға тиісті дүниедей қабылдадым. Өйткені жаратушы тарапынан сондай бір рухани құдайлық жоба түсу тиіс болатын. Сонымен ол құрдасымыз келесі бейсенбіде тағы келіп бізді шыраққа ордаға алып баратын болып кетті. Солай Ордаға барып, бата тыңдап жүрдік. Батадан керемет әсер алатынбыз. Ол жердің қуатының өзі өзгеше. Адамдар арасында мейірбандық бар. Бата шығарып жүрген аққу-сұңқар болып жүргендерде неше түрлі хикметтер болып жатты. Олардың бір-біріне деген ілтипаттары керемет еді. Өзара ыммен түсінісіп отыратындай. Келген адамдарға да жақсы түсіндіретін. Сол жайлылықтың өзі келушілерге жақсы әсер беретін.
Ордабасы Оралдан келген Гүлмира деген жап-жас қыз екен. Сол кезде жасы 21-22-де болу керек. Бәрі ол қызды қатты сыйлайтын. Гүлмира да ерекше ақылды, байсалды қыз еді.
Орда ұнағасын шырақтан қалмауға тырысатынбыз. Мен бара алмай қалсам да күйеуім қалмайтын. Тіптен бірде шырақтан шыққан соң ауылға қайтатын көлік болмапты. Әшейінде шұбырып жататын көліктің бірде біреуі тоқтамаған. Сөйтіп 17 шақырым жаяу жүріп үйге жеткені бар.
Кейін аққудың айтуынша Аталар ниетін сынаған екен. Күйеуім сол сынақтан жақсы өтіпті. Бес атаға да барып келді. Бес атаның ішінде қыз әулие, бала әулие деген әулиелер бар екен. Сол қыз әулиеден «қызым болса» деп тіледім, батада әулие «тілегімді қабыл қылдым» деп айтты деп келді.
«Осы да қызық, қызы болмай қалады деп қорықты ма екен, одан да басқа зат сұрамай ма? «,- деп іштей ойланып қалдым.