Ата жолының алғашқы кездерінде


Ата жолы аталған рухани, тылсыммен байланыс орнататын, ата-баба аруақтарының үнін, аманатын естіртетін құбылысты 2006 жылдың жаз айында күйеуімнің  құрдасының  Айкүміс деген келіншегі айтып келді. Өздерінің Түркістан өңіріне зияраттап, көп әулие-әмбиелерді тәу етіп, көптеген ғажап оқиғалардың куәсі болғанын, алған әсерімен бөлісті. Оның сөздері маған таныс көрінді. Өйткені соның алдында осы әулиелер туралы Жас алаш газетінен оқып еліміз қандай керемет киелі деген мақтаныш сезімі болған. Айкүміс Ақұл, мөр ашу, аққу-сұңқар, Орда деген сияқты көп әңгіме айтты.

Бұл құбылыстарды болуға тиісті дүниедей қабылдадым. Өйткені жаратушы тарапынан сондай бір рухани құдайлық жоба түсу тиіс болатын. Сонымен ол құрдасымыз келесі бейсенбіде тағы келіп бізді  шыраққа ордаға алып баратын болып кетті. Солай Ордаға барып, бата тыңдап жүрдік. Батадан керемет әсер алатынбыз. Ол жердің қуатының өзі өзгеше. Адамдар арасында мейірбандық бар. Бата шығарып жүрген аққу-сұңқар болып жүргендерде неше түрлі хикметтер болып жатты. Олардың бір-біріне деген ілтипаттары керемет еді. Өзара ыммен түсінісіп отыратындай. Келген адамдарға да жақсы түсіндіретін. Сол жайлылықтың өзі келушілерге жақсы әсер беретін.

Ордабасы Оралдан келген Гүлмира деген жап-жас қыз екен. Сол кезде жасы 21-22-де болу керек. Бәрі ол қызды қатты сыйлайтын. Гүлмира да ерекше ақылды, байсалды қыз еді.

Орда ұнағасын шырақтан қалмауға тырысатынбыз. Мен бара алмай қалсам да күйеуім қалмайтын.  Тіптен бірде шырақтан шыққан соң ауылға қайтатын көлік болмапты. Әшейінде шұбырып жататын көліктің бірде біреуі тоқтамаған. Сөйтіп 17 шақырым жаяу жүріп үйге жеткені бар.

Кейін аққудың айтуынша  Аталар ниетін сынаған екен. Күйеуім сол сынақтан жақсы өтіпті. Бес атаға да барып келді. Бес атаның ішінде қыз әулие,  бала әулие деген әулиелер бар екен. Сол қыз әулиеден «қызым болса» деп тіледім, батада әулие «тілегімді қабыл қылдым» деп айтты деп келді.

«Осы да қызық, қызы болмай қалады деп қорықты ма екен, одан да басқа зат сұрамай ма? «,- деп іштей ойланып қалдым.

Сол кезде қаладағы жұмысымды ауылға ауыстырып жатқан болатынмын. Сол себепті  медициналық қаралудан өтіп, флюраға түскенмін. Бірақ ол жерде кідіріп үлкен рентгенге жібергендерін, кейін оның нәтижесі бойынша өкпе дертінің алғашқы белгісі байқалғанын, соған орай тубтың дәрілерін тегін беретінін, соны мезгілмен ішу керектігін айтты. Оны үйге айтып келдім.

— Мұнда қате бар,  мүмкін емес, жеті атамда болмаған дерт қалайша, белгісі бар дегені несі деп,-  қоямын.

Сонымен атам облыстық туб емхананың бас дәрігерін таниды екен, соған алып барды. Дәрігер суретке қарап:  «тоқсан тоғыз пайыз солай деуге келіп тұр»,-  демесі бар ма.

Бұл жерде басқа бірнәрсе бар деген оймен Ордаға келдім. Гүлмира аққудан:  » Атаңнан сұрашы, осылай да осылай», —  деп мән-жайды айттым.

Гүлмира ойланып отырып: «Бес атаға неге бармай жүрсің, қыспақ бар»- дегені.

— Сол да сөз ба, бес атаға барғаннан шешілсе барамын,-  деп келесі аптаға жазылып қойдым. Сөйтіп бес атаға барып келген соң тағы флюраға түстім. Бұл жолы бұрынғы әңгіме болмағандай, медкартаға қол қойып, мөр соғып қолыма ұстатты. Солай уақыт өтіп жатты, арасында Ордаға шыраққа барамыз, батада үнемі шығыстың төріне жол салдым дейді. Оның не екенін түсініп те жүргеніміз жоқ. Бір күні Ордадағы сұңқар   айтты: «Сендерге үнемі батада солай деп жатыр, көп кідірмей Түркістанға бару керексіңдер»,-  деді. Бірақ ол жаққа бару деген мүлдем ойда жоқ еді. Түркістан қайда, біреу қайда! Ол жаққа бізді кім жібереді, он шақты жылдан кейін баратын шығармыз деген ой болған. Бірақ Түркістанға бармаса жаман болады екен. Бір күні асқазаным ауырғаны сондай тұра алмай жатып қалдым. Тек құса бердім, екі күн өтті, доғдырға барып едік «отравление» деп дәрі салып, қазір басылады деп шығарып салды. Үйге келген соң қайта басталды. Келесі күні ауру оң жақ бүйірге ауды, шыдатар емес. Қайта ауруханаға бардық. Ол жерден жедел соқырішек, отаға дайындаймыз деді. Пышаққа түсіп шыққан соң, не болғанын қайдам есіл-дертім Түркістан болды. Сонымен не керек ештеңеге қарамай зияратқа бардық. Көп таңқаларлық оқиғал ардың куәсі болдық. Алматыға дейін үш күндік жол. Сосын Алматыдан зияратқа  автобустармен алып шығады екен.  Пойыздан діңкем құрып түскенмін. Отадан соң әлсіреу де бар. Келсек адам деген көп, ығы-жығы. Түк те ұнамады, дұрыстап шәй да іше алмайды екенсің. Содан күйеуіме: «Бір тыныш жер тауып, шәй тамақ ішіп келейікші»,- дедім.

Қырсыққанда толып тұратын кафе, асхананың бәрінде не тамағы дайын емес, не тағы бірдеңе. Біреуін тауып тамақ жеп шыққандай болғанмен, шыға құстым, жаңа жегенім бәрі ақтарылып қалды. Өзімді нашар сезіне бастадым. Содан автобусқа отырғаннан құлағыма ма, жоқ әлде түсіндіру қиын жүрегіңнен шыға ма  бір ұрысып жатқан үн келді. Әлде бір перденің  артында тұрғандай ма?… Қысқасы менің ісім дұрыс емес екен. Керуенмен бірге жүріп  қара су ішсем де шүкір етіп, разы болуым керек екен. Санама солай жетті, жаман ұялдым, іштей кешірім сұрадым. Солай жолға шықтық. Арыстан бабқа келген соң, батада  сол шалалығым шығып тұр,   «солай кешірім сұрадың, кешірдік» деді.

Күйеуім қыз әулиеден тілеген баламыз да дүниеге келді. Узи ұл десе де жоқ қыз деп жүрген едім. Шынымен ұл туылды. Кейін үш қыз берді. Түркістанға қайтадан бара алмадық.  Сол бір барып келгенімізге мәз болдық. Тағы он шақты жылдан кейін баратын шығармыз дедік.

Бірақ кейін Ата жолы жағдайы басқаша боп өзгеріп кетті.

  Тілектес БАШАҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 − 11 =