Қасиет көзінің ашылуы


Балалық шақта қатты ауырдым, қан қызуым көтеріліп, ұйқылы-ояу екі-үш күн арпалысып жаттым. Анам жүзімнен, алмадан жасалған сусынды беріп,мені қадағалап отырды. Есім біресе кіреді, біресе тұңғиыққа түскендей əлсіреп, ештеңеге шамам келмей, құр сүлдерім жатып қалдым. Өмірмен арпалысқа түстім. Сол кезде бір кісілер келді де болды, сен жазылдың деп алақандарын жайып бата беріп кетті. Сол кезден бастап денеме жан енгендей бойым жіпсіп терлей бастадым. Арасында оянып сөйлеп жатырмын. Мен жазылдым деймін. Күзетіп отырған анам: «Не дейсің?»-деп сұрайды. Мен қайталаймын, олар түсінбейді. «Не деп жатыр?»-деп күледі. Мен барынша түсіндіруге тырысамын, олар түсінбейді. Сол кезде тілім күрмеліп басқаша шықты ма, анам сөзіме түсіне алмады.

Бір ұйықтап тұрған соң жазылып кеттім.

16-17 жасқа келгенде тұңғиыққа түсіп, мазам қашты. Оңаша қалып, ешкімді жақтырмадым. Анам емші əкеліп, үйдің ішінде шылапшынға отырғызып қойып, арнайы сойылған қойдың өкпесімен денемді емшіге ұрғызып, емін жасады. Өз қалпыма келіп, өмір сүруді жалғастырдым.

Тұрмысқа шықтым. Алматыда тұрамын. Кішкентай қызымды төркінге апарып жұмысымды бастап кеттім. Қызым сағынып, ішігіп, еденге келіп жатып алған соң үйге әкелдім. Үлкен əжеміз шашыратқы деген шөпті кеш батқанда құран оқып орып əкелді де, шылапшынға су құйып салып қойды. Таңертеңгісін күн шықпай тұрып, шылапшындағы судан шөпті шығарып тастап, кішкентай қызымды шомылдырдым. Осылай үш күн қайталау керек болды. Екінші күні қызымды шомылдырамын деп ауыртып алмасам болғаны деп ойлап жатқанмын. Түсімде үш апа келді де қызың жазылды деп қолдарын жайып батасын беріп кетті. Қызым жақсы болды.

Туысымыздың қызы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, біздің үйде уақытша тұрды. Сенбі күні үйге қонуға келмеді, келесі күні де хабар болмады. Анасына хабарласып қызын іздестіруді сұрадым. Сол күні түсімде бір дауыспен қыз демалыс күндерінде достарымен қыдырып жүр, аман-есен. Сені уайымдайды деп ойлау ойында да жоқ, жағдайы жақсы деген жауап келді. Таңертеңгісін анасы телефон шалып, қыздармен бірге жүргенін айтты.

2003 жыл. Аян арқылы жеңгеме, ұстаз болатын емшісін көрсетіп, сұрастырып жүріп, сол адамды тауып бата алып, адам емдеп жүрген. Сол жеңгем, қасында бір келіншек бар, менің үйіме (Алматыға) келді. Қыдырəлі-Ақ Ұлдан жүрек аштыртамыз деді. Олар мөр алып, жүректерін аштырды. Арқасын осып түскен қамшы ізін көрсетті. Сынақтан өтіп, Ордаға барып жетеленіп жүрді. Мен бір күні түнімен ұйықтай алмай, денем ауырлап арпалысып, таңға таман көз ілдім. Ерте тұрған жеңгем үйді адыраспанмен аластап маған орныңнан тұрып кет деп, қолымнан тартып тұрғызып жіберді. Сол күні ештеңе түсіндірместен, «барған соң түсінесің»,- деді де Ордаға алып келді. Құранға қол қойып болған соң, шырақ басталды. Оң білегімнен көрінбейтін біреу қолымен ұстады. Бата берілді, еріксіз жылап тұрдым. Сол кезден бастап күйеуім екеуіміз шырақтан шықпайтын болдық. Бармай қалсақ жұмысымыз кері кетеді. Күйеуім керуенге шықты, бірақ аққуларға көңілі толмай келді, пендешіліктерін байқаған. Одан кейін мен барып келдім. Қасиет беріп, үш айдың төрінде Ақ Ұлдың алдына барарсың деді. Жұмысым жүріп тұр, денсаулығым жақсы. Мөр алуға асықпадым. Түсімде аянмен мені құбылаға қаратып тұрғызып қойды да, бір дауыспен жүрекпен сөйле деді. Менде қызығушылық, ниет болмады. Əрекет жасамай бұрылып кеттім. Тағы түсімде Арыстанбабаның басында аралап жүр екенбіз. Арыстанбабаның қыштан жасалған кесенесін ұстап тұрып, келесі келгенде алармын деп алмай тастап кеттім.

Тіршілікте өзіме сенімді болып аяққа тұру мақсат болды.

2008 жылдары отбасының сынағы белең ала бастады. Əрекет жасауға кірістім. Жолдас қыз мықты деген емшіге апарды. Сағаттап тұрып кезегімізбен емшіге кірдім. Емші: «Не күтіп жүрсің?»-деді де, қолыма қарап, бойымдағы қасиеттердің түрлерін айтып берді. Екі аптадан соң қолым босайды, хабарласып Əлмерек бабаның басында қасиетіңді нықтап беремін деді. Келісіп, телефон номерін алып қалдым. Ой мазалай бастады. Түсімде 17 санын көрсетті. Жолым Ақ Ұлдан мөр алу екенін түсіндім.

2009 жылдың қаңтар айында Шымкентке Меккенгүл аққудың ордасына бардым, аталарды араладым. Меккенгүл аққу маған: «Тез арада екі айдың ішінде мөр алуға бар, кешігіп қалма»,-деп ескертті.

Ақпан айында аян алдым. Аппақ киімде бірнеше адам сапта тұрмыз. Сол күні мөр салынатын күн екен. Ақ Ұл бəрін мөрлеп болған кезде, бір дауыспен: «Ендігі кезек сендердікі»,-деп ескертті.

Оянып кеттім. Уақыттың келгенін білдім, əрекет жасап, 2009 жылдың 21-наурызында Ақ Ұлдың алдына бардым. Түктібай атаның белгісін ала отырып, мөр алдым, ештеңеге түсінбеймін. Аталардан сұхбат аласың деді. Қорқып тұрмын. Сүйінбай ата мен Түктібай атаның сұрақ-жауаптары. Бетім жыбырлап, ұйып барады, қорыққаннан жылап тұрмын. Сұхбат алынды. Ертеңіне тағы сынақтан өту. Қандай аруақ келді, жаңылыспай тауып, белгісін алып бата шығару. Сынақтан жақсы өттім. Қуанышым ұзаққа бармады. Үш-төрт күн өткенде Ақ Ұлдан айрылдық деген хабар келді. Өң мен түстің ортасында қалғандай теңселіп қалдым. Болашақ бұлыңғыр, енді не болмақ?

Мөрге əкелген қыз 20-дағы жас қыз. Мөр рəсімі бітісімен достарымен Шымкентке кетіп қалды. Хабарсыз қалдық. Мен енді не істеймін деп жылаймын. Алладан сұраймын.

Түсімде Ер кісі Ата жолын бастап жүргізіп жатыр жəне қасында орындықта 15-16-жастағы жас баланың отырғанын көрсетті. (Жас бала Ақ Ұлдың баласы болуы мүмкін). Бірдеңе түсінгендей болдым. Жұмысымды істеп жүре бердім.

Бір күні түсімде: «Жетелен, жетеленбесең қалып қаласың»,-деген дауыс келді. Түркістанға барып таныс аққудан екі апта жетелендім. Алматыға өз үйіме келдім де, ізденіп əр аққуға барып жүріп, біреуіне тұрақтадым. Түктібай атаның Ордасы ашылды. Əртүрлі аяндар аламын. Өзімді аққумын деп айтуға ұялып, жасырын жүремін. Түсімде ер кісілер (5-ата болуы мүмкін) мені ортаға алып күліп, жылы мейіріммен: «Майра аққу жан-жағыңа қарашы, Ордаңды жүргіз. Жүргізбесең адамдарға қарашы басқа жаққа кетіп барады, халыққа қызмет жаса, Ордаңды жүргіз»,-деді де қолдарын жайып бəрі баталарын берді. Жұмыстан шаршаймын, күнделікті табыс көзі жүріп жатыр. Ешкімге тəуелді болғың келмейді. Сонымен қыспақтар басталса жетекшінің Ордасына барып тұрамын. Керуендерге бірігіп шығып, сол Ордада ем жасап, бата шығарып жүрдім.

Аяндар аламын. Қияметтің болып жатқаны, топан су басып жатқаны, аспанның үшінші қабатының ашылғанын, машиналардың аспанда ұшып жүретіні, аспан мен жерге жалғанып тұрған кілем жəне аппақ бұлтта арабша жазылған Алла жазуын, найзағайдың күңіреніп соққаны, жерге шар тəрізді планетаның түсіп жатқаны жəне үлкен теңізден адамдар тізім бойынша кезекпен теңізге түсіп сыналып, біреуі батып, біреуі жаны үшін əрекет жасап талпынып жатқаны,біреулердің оңай малтып теңіз ортасында тұрғаны, арнайы қабылдап алатын мəрелі орынға жетіп жатқанын көрсетті. Аятул күрсі арқылы аспанмен теңесіп келе жатқан құйынды тоқтататынын, жер сілкінісі бастала бастағанда осы аятул күрсіні оқығанда басылғанын көрсетті. Адамдардың ауруына ем-шипа іздеп сандалып жүргенін де көрсетті.

Ордада шырақта отырғанда Ата жолы туралы, Тоқберген ағаның қиямет күнінің басталып кеткені, сынақтардың болып жатқаны туралы жазбасын оқып, хабарластық.

Алғашқы қамшы емін Қызылордада алдық. Тоқберген аға арқылы өзімізді тани бастадық. Киімнің, дəреттің қағидаларын үйрендік. Зікір арқылы ақпарат алу, Құранға қол қою арқылы адамның сандық жүйесімен ішкі дүниесін зерттеуді яғни сырқат белгісін шығаруды үйрендік. Үнге жалғанудың не екенін түсініп, Алламен байланыс жасауға мүмкіндік барын түсіндік. Ұмыт қалған ата-баба аруақтарын құрбандық шалу, Құран-қатым түсіру арқылы жүктерін жеңілдетіп, тозақ отынан құтқара алатынымызды түсіндік. Адами қалыпқа келуді үйрендік, əлі де үйренеріміз көп. Шаң басып ұмыт қалған Құран Кəрімді қолға алып бірнеше қайтара оқитын болдық, үннің барын түсіндік. Осы Ата жолын жалғастырып, Ақ Ұл ағамыздың жұмысын жандандырып жүргізіп жатқан Тоқберген ағамызға жəне өмір жолында кездесіп қол ұшын беріп көмектескен барша жандарға Алла разы болсын!

Майра ҚАМБАРҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *