Пайғамбарлар, әулие-әнбиелер мен олардың ізгі істері өнеге етілетін бесік жыры
Пайғамбарлар, әулие-әнбиелер мен олардың ізгі істері өнеге етілетін бесік жыры: Осылай әндетін қазіргі күнде әжелер,аналар барма кен?
Менің балам осы ма?
Басында бақыт құсы ма?
Ғайып ерен, қырық шілтен
Бөбегімнің досы ма?
Әлди, әлди, әлди-ай.
Лә иләһә иллалла,
Иллаллада пайда бар.
Мұхамбеттің үмбеті
Осындай бала қайда бар?
Әлди, әлди, әлди-ай.
Балам менің Жүсіптей
Болар ма екен келбетті?
Ажарың айдай толсын деп,
Иллалалап тербеттім
Әлди, әлди, әлди-ай.
Ер Дәуіттей қайратты
Ұста болар ма екенсің?
Дос жаранға айбатты
Нұсқа болар ма екенсің?
Әлди әлди әлди-ай.
Тақ Сүлеймен нәбидей
Патша болар ма екенсің?
Халқың үшін қамданып,
Атқа қонар ма екенсің?
Әлди әлди әлди-ай.
Қазығұртқа кеп тоқтаған,
Нұхтай болар ма екенсің?
Отбасыма орнаған
Құттай болар ма екенсің?
Әлди әлди әлди-ай.
Ымыранның ұлы Мұсадай,
Досы болғын Қүдайдың.
Қызыр ерсің қасыңа
Тәңірден соны сұраймын.
Әлди әлди әлди-ай.
Ғайсадай нұр бітімің
Салих болар ма екенсің?
Хақтың жолын таныған
Ариф болар ма екенсің?
Әлди әлди әлди-ай
Әзірет Мұхаммед-
Сәруары болған ғаламның
Рахматының тамшысы-
Нұрынан сен жаралдың.
Әлди, әлди, әлди-ай.
Төрт шадияр-достарың,
Жадыңа тоқы, құлыным.
Нұрланып иман-бостаның.
Жүзіңнен тамсын шырының.
Әлди әлди әлди-ай.
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Тоқсан тоғыз мың машайық.
Сексен сегіз серулер,
Әлдилетіп қосайық.
Әлди әлди әлди-ай.
Әлди бөпем, құт бөпем,
Бұл сөзімді ұқ, бөпем.
Лә иләһә иллала
Көкейіңе тұт бөпем
Әлди әлди әлди-ай.
Құлыншағым, құлыным,
Ұзақ болсын ғұмырың.
Құлағыңа құй бәрін,
Әжеңнің айтқан жырының,
Әлди әлди әлди-ай.
Айналайын, бөбегім,
Айналайын, өбемін.
Азамат боп өссін деп,
Ақ бесікке бөледім.
Әлди әлди әлди-ай.
Періштең сені тербетер,
Ботам менің ер жетер,
Еркек тоқты құрмалдық,
Игілік, қайыр елге етер.
Әлди әлди әлди-ай.
Әлдилетіп, тербетіп,
Бір Құдайды жыр етіп.
Әжең тыным таппайды,
Өссін деп сен ер жетіп.
Әлди әлди әлди-ай.
Отбасы хрестоматиясы,
Әлдиден эпосқа дейін атты кітаптан, 16- шы бет
Керемет ән. Күшті. Қалай жазып алам