Мен Ата жолына қалай келдім?
Бұл жолдың шет жағасын шамамен 2003 жылдарда естідім. Қызылордада ата-енеммен бірге тұратын кезім еді. Бір күні енем екеуміз менің төркініме қонаққа бардық. Сол жақта өзімнен үлкен апам Алматыда аруақтармен сөйлесетін адамдар шығыпты деп айтып отырды. Мен оған онша мән бермедім.
— Екі ортаға телефон орнатып қойған шығар, — дедім әзілдеп. Негізі қазақы ем, құмалақшы дегенге онша қызыға қоймайтын едім.
«Атаң құсап сөйлейсің ау, жынды»,-деп енем күлді. Атам қалжыңдап, күлдіріп сөйлейтін адам еді. Ата жолы туралы бар білгенім осы еді. Бірақ, бұның Ата жолы деп аталатынын, бабалардың салып өткен даңғыл да қасиетті жол екенін қайдан білейін.
2005 жылы жұмыс барысымен Астанаға көшіп келдік. Бастапқы кезде күйеуімнің нағашыларымен саяжайда үй жалдап тұрдық. Бір күні бірге тұратын абысыным былай деп әңгіме айтты. «Ағам бір жерге барған екен, сол жақтан Түркістанға барыпты. Арақ ішуге, темекі шегуге болмайды депті. Содан бәрін қойып жақсы болып кетті»,-деді.
— Жақсы болған екен,-дедім де онда да мән бермедім.
2007 жылы астаналық ұлымды босандым. Маған көмектеспекке Қызылордадан артынып-тартынып, қыстың көзі қырауда туған апам мен сіңлім келді. Сол кезде апамның үйден қиналып жүрген кезі еді. Аудан орталығынан қалаға көшіп, қаланың шет жағынан екі бөлмелі үй салып алған. Бірақ, суы өте алыста, баласына мектебі алыс, әрі әні міне бұзылуға (сносқа) кететен жер болды. Қаланың ортасынан сатып алуға қаражат жетпейді. Бірақ, күйеуі, балалары бар, асып таспаса да өзіне шақ дәулеті де бар еді. Маған аруақтармен сөйлесетін адамдар бар екен деп айтқан апам сол еді. Қай жерде құмалақшы, емші бар қалдырмай барып жүретін.
Бір күні: «Осы жақта жақсы білетін құмалақшы бар ма, ана үйіміз қиын болып тұр ғой бізге»,-деді. Сол кезде абысынымның айтқан әңгімесі есіме түсіп кетті. Абысыныммен хабарласып менімен бірге тұратын інім екеуін сол жаққа жібердім. Толық дәрет алып қайтадан келіңдер деп айтты деп екінші рет тағы барды. Содан келгесін: «Құмалақшың не деді?»,-деп сұрадым.
«Олар құмалақшы емес екен, тақпақтап, өлеңдетіп түсініксіз тілде сөйлейді, аруақтардың батасын жеткізіп береді екен. Сол жақтағы әйел білмеген ғой деп біреумен өзімен-өзі сөйлесіп тұрды, сосын бізге толық дәреттеріңді алып тағы келіңдер деп жіберді. Екі бөлмелі, бірақ үш бөлме есебі үй аласыңдар деп айтты»,-деді. Расында, Қызылордаға барған соң көп ұзамай апам қайынапасы көмектесіп үй сатып алды. Үйі о бастағы жоба бойынша үш бөлмелі екен, бірақ бір бөлмесінің арасын ашып ас үйге қосып жіберіпті. Міне, Ордадан бата алып кеткен апамның басында осындай хикмет болған.
Інім содан кейін Ордаға барғыштап, сарбазға айналып кетті. Сол жақтағы бүкіл туған-туыс, достарын Ордаға жетелеп жүрді. Алдымен күйеуімді апарды. Содан екеуі мені апарды. Қазір Ата жолын қолдамайтын күйеуім мені о баста Ордаға өзі бастап апарған. Үшеуміз Артём базарына жақын жерде орналасқан үйге бардық. Оны Орда деп айтады екен. Сол жақтағы апа бізге бата берді. Сөздері түсініксіз. Бата беретін адамды аққу дейді екен. Өзін Раушан деп таныстырған апа бізге Ата жолы туралы қысқаша ғана түсіндірді. «Сендерге молда бол, намаз оқы, оран демейміз. Таза жүр, ешкімге жамандық жасама, мешітке барып садақа салып тұр, аруақтарға құран бағышта, арақ ішпе. Одан артық сендерден ештеңе сұрамаймыз»,-деді. Шындығында сол кезге дейін толық дәрет алуды, бір ауыз Құран сүресін білмейтін біз үшін Орда тазалықтың, тақуалықтың алғашқы сабақтарын үйретті. Сол кезде дәл қазіргідей қатаң талаптарды қойса, шошып қашып кетер ме едік.
Шындығында Ордалар жетпіс жыл бойы Құдайсыз қоғамның құрсауынан шығып, мәңгіріп қалған ел үшін тақуалық жолдың бастауыш білімін берген екен.
Солай, батаның мағынасын түсінбесем де Ордаға барғым келіп тұратын әдетке ұшырадым. Айтпақшы Раушан апа: «Бұл жолға кірер есік бар, шығар тесік жоқ. Тоғыз жылдық сынақтан өтесіңдер» деген еді сол кезде.
Арыстанбаб Ордасынан аруақтарға құран бағыштауды, намаз оқуды үйрендім. Раушан апаның айтуымен күйеуім екеуміз мешітке барып неке қидырдық. Заңды түрде неке болғанмен, молданың алдынан неке қидырмаған едік. Сөйтсек, Алланың алдындағы неке қиылмаса ол зина болып табылады әрі ерлі-зайыптылар арғы жаққа барғанда бір-бірін таба алмайды екен. Осы Ордадан үш баламызға азан шақырып ат қойғыздық. Осылайша, Ордалар қарапайым пенде мән бермейтін, бірақ маңызы өте зор сауапты жұмыстар жасап жатты. Екі-үш рет Бес атаға да шықтық. Ол кездерде Ордаға халық өте кеп келетін, зияраттарға да үш-төрт көлікпен шығатын еді. Келгесін елу-алпыстай адамға аққулар бата береді. Қаншама кісілердің атынан қалай жаңылыспайтынына таң қаласың.
Үлкен керуенмен Түркістанға барып, 41 әулиенің басын аралап зияраттап та келдім. Әулиеге апаратын автобус ескі, селкілдеп, іші шаң-топырақтан көрінбейді. Күн ыстық. Сонда да мәзбіз. Күніне екі-үш сағат қана ұйықтаймыз. Бірақ, түк шаршамадық. Астанадан бізбен бірге он бес жыл баласыз жүрген ерлі-зайыптылар да барды. Оларға батада қызды боласыңдар деді. Содан үш-төрт жыл өткен соң ол кісілер шынымен қызды болды. Сол кездері отбасылық мәселе бойынша қатты қиналып, күйзелісте жүрген едім.
Тоғыз жылдық сынақтан өтесің деп Раушан апа айтқандай, өмірімде сынақтар бола берді. Бұл қиындықтың шешімін таба алмаймын, жүгіріп Ордаға келемін. Раушан апа бата бергені болмаса орысшалау адам, «батаң жақсы, бәрі жақсы болады» деп жұбатып шығарып салады. Осылай сергелдеңге толы жылдар басталып кетті. «Қасиетіңді ұстамасаң болмайды, әйтпесе қинала бересің» дегесін бір кісінің үйіне барып емшілік жасап жүрдім. Қасиетім тез ашыла бастады. Бірақ, ол кісінің және қасындағы әйелдердің пенделігі, адамдыққа жат қылықтары, қызғаншақтығы ұнамады. Сосын не де болса маңдайыма жазғанын көрермін, ол адам мені қорқытатындай Құдай ма, ең бастысы ниетім түзу ғой деп ол жерге де бармай қойдым. Арыстанбаб ата Ордасына да аяғым тартпай қалды.
Сонымен, менің өмірімде Ата жолы, емші, көріпкелдік, құмалақшы деген нәрсе өшірілді. Өйткені, Ақ Ұл аға қайтыс болған соң Ордаларда береке кете бастаған еді.
Сонымен, қасиет жолы жабылды. Ендігі шешімді кітаптардан іздей бастадым. Түрлі тақырыптағы кітаптарды ақтардым. Одан кейін интернет дамыған заманда ютубтан бірдеңе іздеймін де отырамын. Не іздеп жүргенімді өзім де білмеймін, әйтеуір жаның бірдеңені қалайды, бірақ шешімін таппайсың. Бір күні инстаграмнан керемет парақшаға жолықтым. Ішіндегі ақпараттар ұнады, аққу-сұңқарлар деген сөзді оқып, Ата жолы әлі бар екен ғой деп ойладым. Сөйтіп жүргенде мені Тілектес деген келіншек Тылсым тобына қосты.
Бұл топтағы адамдар жаңарған, өскен Ата жолының жалғастырушылары екен. Осы топтан Раушан апамды тауып алдым. Қатаң қағидамен жүру оңай болмады. Киімді де әсте-әсте дұрыстадық. Тоқберген ұстазымыздың жазған еңбектерін игеру де оңай емес екен. Сонда да көштен қалмауға тырысып келеміз. Білмегеніміз өте көп екен. Осы жолға келгелі үйімізге береке келді, тыныштық орнады. Өмірімнен орын алған қиындықтар өзінен-өзі реттелді. Сонау, он үш жыл бұрын батада айтылған жақсылықтар, нығметтер енді орындала бастады. Нағыз жанымның қалауын енді таптым. Күн сайын ізденіспен, тәй-тәй басқан сәби сияқты талпынып келеміз. Бірде құлап, бірде сүрініп, қайта тұрып ілгері жылжуға әрекет етудеміз.
Біле білген адамға Ата жолы бақытқа бастар төте жол, қазақ елінің басына берген Құдайдың бағы екен. Осы жолдың қадырін біліп, әр шаңырақта қазақы салт-дәстүр сақталса, ұрпағымыз таза қазақ тілін игерсе, тақуалық, тазалық жолын берік ұстансақ әрбір Қазақтың алар асуы мол болар еді. Қазақ елі ата-баба салып кеткен Ата жолы арқылы ғана әлемге танылып, көшбастар елге айналар еді.
Айгүл ТӘУІПБАЕВА