Хикметті күндер


Алланың құдыретімен 1995 жылдың аяғында өмірге кенже баламды әкелдім. Өзім сол кезде үшінші мүшелде едім.

Құдай қосқан қосағым екеуіміз түйдей құрдас едік. Бақытты отбасы болдық. Жолдасым қызмет бабымен анда- санда ұрттап келетін, кейінгі кезде жиілетті. Содан шаңырағымызға сызат түсе бастады.

Жолдасымның жұмысындағы бір кісі: «Қаскелеңде Ақ Ана деген емші бар. Сіз соған барсаңыз, ащы су ішкендерді қойдырады екен»,- депті.

Енем, жолдасым, қайным Нұрқанат үшеуі емшіге кетті. Емші деген соң, бір кәрі апа деп ойладым, басына ақ кимешек киген болып елестеді. Мен жасқа толған кішкентай бөпеммен үйде қалдым.

Жолдасым:

«Жап-жас, халық көп барады екен, үш күн бару керек екен»,- деді. Үш күннен соң Ақ ана:

«Бәрі жақсы болады, Түркістанға барасыз, әулиенің басынан әйеліңіз екеуіңіз өтуіңіз керек»,- депті.

***

Бір жыл өтті. Күйеуім Түркістанға да, Ақ Анаға да бармады. Бір жыл жақсы жүрді. Шаңырағымызға береке кірді, бұрынғыдай жайбарақат өмір сүріп жаттық. Бір күні байқасам, бұл кісі мен отырған жерден қашқақтап алысырақ отырады. Сезе бастадым. Бұрынғы әдетін қайта бастағанын енеме айттым. Бұлар қайта сол жаққа бара бастады. Үш күнде сақадай сай болып, есін жиып алады да, жұмысына кірісіп кетеді. Осы жағдай үнемі қайталана берді. 1999 жылы жолдасыммен Ақ Анаға бардық. Үш күннен соң,- Түркістанға барасыздар,- деді. Жолдасым баруға ниет танытпады. Біраз күттім, баратын ойы жоқ. Сонымен 1999 жылдың қыркүйек айында Түркістанға жолдасымсыз өзім жол тарттым.

Алпыс адам, екі автобус болып бір апта жол жүріп қайттық. Мариям анаға үш метр ақтық жаптым. Үнемі дәретпен жүру керек екен, басыңда жаулық болу керек екен.

Сонымен басыма жаулық салып, дәретпен жүріп, апта сайын жеті шелпек пісіріп жүрдім. Шаңырағыма береке кіріп, жайма шуақ өмір басталды. Бірақ Орда дегенді естімеппін. Жолдасым да, мен де жұмыс, одан үй деп күйбең тіршілік, бала- шаға деп жүріп жаттық. Бір күні жолдасымның ащы суға қайтадан әуестене бастағанын байқадым.

Содан енем: «Бұған Ақ Ананың шамасы жетпейді»,- деді.

Өздері ана емші, мына емші, одан: «Қарасуда молда бар екен, соған апарамыз»,- деп -қара қой әкел деді,- деп жүрді. Бірақ ешқайсысынан қорытынды шықпады. Мен де Ақ Анаға барудан шаршадым. Барам, халық көп, сенімен сөйлесетін уақыты жоқ. Сол жерге барып жүргенде Ақ Ұл жайлы естідім, барғым келіп, үйінің мекен-жайын сұрасам ешкім нақты білмейді. Ақ Ұл ағаға баруға жол түспеді. Жолдасым ащы суын қоймады. Бірақ жұмысын істеп жүрді, қызметі жоғары, өте сауатты, өз ісінің маманы болғандықтан жұмыстан қуылмады.

***

Ақыры шаңырақ шайқалды. Үй сатылды. Төрт баламен далада қалдым.

Өзім жұмыс істеген институтта жатақхана бар еді, бастығым сол жерден уақытша тұруға бір бөлме берді.

Содан ауырып ауруханаға түстім. Дүниенің бәрі шашылып, ешнәрсе қажет болмай қалды. Аман-есен болсам, балаларымды аяғынан тік тұрғызсам деген ой ғана болды.

2002 жылы үлкен ұлым оқуын бітіріп, жұмысқа кірісті. Жұмысынан бір жылдық еңбек ақысын жаздырып алып, жетпесін нағашымнан қарыз алып, кішірек баспана сатып алдық. Бір күні құрбым жұмысыма іздеп келіпті.

Үйде екі-үш күн жатты.

— Ақ Ұлдың сенің үйіңнен екі көше төмен Ордасы бар. Мен сонда барып жүрмін, менімен барсаңшы,- деді.

2004 жылдың көктемінде Ордаға бардым. Батаны тоқтамай, тақпақ сияқты айтады екен.

Ордаға апта сайын бара бастадым. Шырақ болған күні аққу қыздар көбейеді екен, кезек- кезек бата шығарады. Өткен-кеткен өміріңді айтқанда қалай сенбесіңді білмейсің. 2004 жылы шілде айында Нұрзипа бастаған топпен керуенге шықтым. Аққу боласың деп қасиет берді.

2006 жылы Наурыз айында Ақ Ұл Ағаның алдына барып Сүйінбай атамен мөр алып ашылдым. Мөр алуға 450 адам келіпті. Жататын орын болмай, алматылықтар үйден қатынадық.

Аллаға мың қайтара тәуба!

Балаларым жоғарғы оқу орнына түсіп, үлкенім жұмыс жасап, жағдайымыз жақсарды. Ордаларға барып бата шығарып, керуенге адам шығарып, өмір өтіп жатты.

Бірде жетекшіміз — Нұрзипа қоныс той жасап, Ақ Ұл ағамен дастархандас болдық.

Сонда ол кісі: «Біз қазақ деген халық жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспегенбіз. Қанымыз таза, текті ұрпақтың баласымыз. Сол үшін арам судан тазарып, ұрпағымыз құрып кетпей тұрғанда көбеюіміз керек. Көбейіңдер, өсіңдер, Алладан сұрай біліңдер. Ата-баба аруағы қолдап тұрғанда еңбек етіңдер, адамдарды осы жолға көптеп тартыңдар. Өзге ұлттар да көп келіп жатыр»,- деп біраз өсиет айтты.

Ақ Ұл аға — орта бойлы, ақ сары жүзді, аздап қана қысық көзді қарапайым кісі екен. Тез сөйлейді.

Біз сол кезде нұрды қолымызға тегін ұстатып бергенін бағалай алмаппыз. Қаншама қиналып- қысылып жүрген пенделер батаға келіп жолы ашылып кеткенінің куәсі болдық. Орысша сөйлейтін қазақтардың орысшасын ұмытып, ана тілінде сайрап кеткендері де көп болды. Халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Ақ Ұл аға өмірден өтіп кеткен соң бата дұрыс болмады. Ата жолдықтар да бытырай бастады.

***

2018 жылы Жанаргүл арқылы Тоқберген ағамен танысып, бір топ аққу Сыр өңіріне бардық. Ағаның уағызын тыңдап, қамшыдан өттік. Талай нәрсені есітіп, талай нәрсеге көз жеткіздік.

Ағадан 3 рет қамшыдан өтіп, Құран оқу мен ата жолының жазбаларын 10-15 рет қайталап оқудың, толық тақуалық киіммен жүріп, екі білекке күміс білезік тағып, толық дәретпен адал ас ішуді әдетке айналдырдық.

Ата дәстүрімізді жалғастырып соңымыздан ерген ұрпаққа үлгі көрсетіп, апа, әже деген атымызға лайық жүріп жатқан жайымыз бар.

Бақилық өмірге өтіп кеткен ата-бабаларымызға Құран хатым шығартып, әр шаңырақта жеті шелпек пісіріліп, құрбандық шалынып, қол өнермен айналысып, білгенімізді үйретіп, білмегенімізді үйренудеміз.

Әр өңірде аруақтар оянып, бата беріп жатыр.

Осы Ата жолына келгеніме еш өкінбеймін.

Гүлбақыт Көшербайқызы,

Алматы қаласы.

2020 ж., жаз айы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *