ІІ. Ата жолына қалай келдім.
Менің атым- Гүлмира. Əкемнің аты Қожакелді. 1975 жылдың 10-шы желтоқсанында өмір есігін ашыппын. Анамның аты — Закира. Мен үйдің ең кішісімін.
Құдай мені намысшыл, ұялшақ етіп жаратқан екен. Ішкі дүниемде кіммен сөйлесемін білмеймін, əйтеуір сөйлесіп жүретінмін.
Менен 6 жас үлкен əпкем бар. 21-жасында қатты ауырып қалды. Үлкен қалада дəрігердің оқуында оқып жүретін. Қалада ит тістеп алыпты, есінен айрылып қалды. Əке-шешем емші-домшы, молдаларға қарата беріп, 6 ай дегенде емдеп , сауықтырып алды. Қырғызстанда 40 жаста Қадіржан деген тəуіпке емделді. Ол кісі əпкеме батасын беріп, емші етіп шығарып салыпты. Қасына серік етіп анамды қосыпты. Əпкем есін жиған соң, емшілік жасамаймын деп, анам ісін жалғастыра берді. Анам ешбір діни қағиданы ұстанған жоқ. Екі туысымның істеп жүрген ісіне ішкі дүнием қарсы болды. Түсінбейтінмін. Жасым 25-ке келе мені аруақ қыса бастады. Мен де де емшілік қабілеттерді сезе бастадым. Түс көрсем, бəрі оңынан келетін болды. Енді өзім қайтсем қабылетімді ашам деп іздене бастадым. Анам мен əпкем сияқты осы дүниенің қызығын таңдамаймын деп шешім қабылдағаныммен, қанша керекті қасиет иесін іздесем де, мүлдем таппадым. Емші, тəуіп, молда, магистр, эзотерик дегендермен оңаша кездесіп, сөйлесе келе олардың істері ұнамайтын.
Тағдырдың айдауымен солтүстікке де қоныс теуіп келдік.
32-33 жасыма қарай, керекті адамды таптым ғой деймін.
Астана қаласы, 2008- дің ақпан айында, жұмыс жайым базарда менің қасыма Бақытжан деген келіншек келіп маған: » Саған айтар сөзім бар», — деді. Сол Бақытжанның ерекше қасиет иесі екенін жүрегіммен сезіп білдім. Мен оған: » Сен арқалысын ба, неге үндемей жүрсін?»- деп сұрақтың астына алдым. Оның мінезі ауыр еді, жəй ғана «кешке үйге кел, бір жерге апарамын», деді.
Бақытжанның сенде сөзім бар деген сөзін басқаша түсінсем болады ғой, жоқ маған ғайыптан тура сол қасиет жайлы іс болатынын сездірді.
Ол келіншек сөзім бар дегенде, қарыз ақша сұрауы, немесе, тауарға ұсыныс айтуы , жəне де толып жатқан көптеген мəселені айтуы мүмкін еді ғой. Оның үстіне менің мінезім өте жаман болып өзгерген шағы болатын. Ол маған жақындауға қорқады екен. Былайынша жақсы араласатын едік. Тура сол қасиет жайлы айтуға қорқып жүреді екен. Оған талай рет сол әйелді жетеле деп талай рет аманат түскен екен. Түс арқылы да нұсқаулар түсе берген.
Ал менің мінезім қатал, көп сөзді ұнатпаймын. Сөйлесуге де мүлдем уақыт болмайтын. Ешкіммен ешқашан достасып та жүрмегенмін. Ол қорқа қорқа айта білді, мен қуана келістім.
Сол күні жұмысты ерте бітіріп, Бақытжанның өтініші бойынша, юбка — орамал киіп, үйіне бардым. Түнге қарай бір көлік келді. Соған мініп, басқа үйге бардық. Ештеңеге түсінбесем де, оның айтқанын бұлжытпай орындап, ақырын күтіп жүре бердім.
Көп қабатты үйге келдік. Маған Бақытжан бірінші рет дəрет алуды үйретті, содан бастап дəретсіз үйден шықпайтын болдым.
Бір бөлмеге кіріп, көрпешеге отырдық. Басқа да адамдар жиналды. Ешкімді танымаймын. Алтай деген жігіт маған түрлі əңгімелер айтып отырды, себебі, мен жаңадан келген пенде болдым. Алтайдың ешбір сөзін түсінбедім. Маған ол басқа тілде сөйлеп жатқандай болды.
Бір кезде,(шырақ жағылды ма, есімде жоқ) ортаға бір-бірден адамдар шығып сөйлей бастады. Оны да түсінбедім. Не деп жатыр?…
Ол шара біткен соң, Бақытжан маған бір қағазға жазылған жазуды түсіндірді. Жылдар, сынақтар, басымнан өткерген қиындықтарды айтқанда, дəл шыққаны ұнады. Ең маңыздысы, менің өмірім сол күннен бастап күрт өзгере бастады. Барған жерім Орда екенін соңынан түсіндім. Орда иесі Нияз би ата екен.
Ол орда алыс болған соң, Бақытжан сол күндері қала ішінен Бердібек Хан ата ордасын ашыпты. Менің үйіме жақын болған соң, аптасына екі рет шырақ болатын. Бір ретте қалмастан баратын болдым. Бата арқылы зияратқа бар деген бұйрық түсті.
Мен сол əрекеттердің бəрін жүрегіммен қабылдай білдім. Аруақтың, ұлы адамдар аруағы екенін санаммен қабылдап , аруақтарды сүйе , құрметтей түстім. Олардың əр сөзі мен үшін өте маңызды, қымбат болды.
Ең бірінші бұйрық Астана бойынша зияратқа бар деп түсті.
Бақытжан бата соңында баталарды ерінбей түсіндіріп береді. Маған айтатыны: «осы зияратқа барсаң, күшті боласың», — дейді. Мен қуана қабылдаймын да, ойланбастан бар деген жеріне барып келемін.
Тағы бір айтып кететін жайт бар. Қасиетті алып, бата алып бергенмен қатар, сауда жағынан да көтерілсем деген арман болды.
Кейінгі жорық Түркістан болды. Арыстан баба жайлы бала кезден аңыздар естіп, бірақ зиярат жайлы білмейтін едім. Батада Арыстан баба күтіп жатыр, Айша бибі ананың дайындаған сыйы бар дегенде, мендей жердің құртын сондай ұлық əулиелер əлдеқандай қылып , күтеді екен, ал мен олардың сөзін қалайша жерге тастаймын! Мен басымды иіп тұрып баруым керек деп шештім. Оның үстіне тəуекелшіл жан болған соң, жұмыс орнымды бір аптаға жауып зияраттарға кетіп жүрдім. Сонымен қоса, туыстар жда, жора-жолдастарда əңгіме-сөз көбейген. Гүлмира бұл түрімен далада қалады, саудасы тоқтап, таз-тақырға отырады деп жатты.
Шынымен бес жыл ішінде таз-тақырға отырдым, бүкіл дүниемнен айрылдым, бірақ алған беттен қайтпадым. Дүние, ақшаның бəрі уақытша, ең бастысы Құдай жолы, Ата жолында еңбек ету мен қасиетті шыңдау болды.
Түркістанға барғанда, біздің топқа » Қазына» деген ат берді. 65 адам керуенге шығып, 20 адамға сұңқарлық пен аққулық берді. Солардың бəрі жүрегіне мөр салдырды.
Мен аққу болмаймын деп жыладым. Себебі, жауапкершілігі өте ауыр екенін жүрегіммен сездім. Мен жеңіл жолды, жұмысты орындап жүргім келген. Алтай жетекшім қоңырау шалып: «Саған сенемін, сен алып шығасың!»- деген соң аққу боламын деп шешім қабылдадым.
2008-дің сəуір айы болатын. Бір айдан кейін мөр алуға жолға шықтық.
Сонымен, Түркістан аралап келдік. Ерекше сезім, толқыған көңіл күй. Ауылға қайтқан соң елге жар салам , Түркістанның шырайлылығын зияраттың кереметін, ғажаптың, ақиқаттың бар екенін жыр қылып айтамын деп келдім.
Тобымыздың атын Ақбура ата «Қазына» деп қойды. Зияратқа алпыс адам шыққан еді, жиырма адам аққу-сұңқарлық мөр алатын болды. Араға бір ай салып, бəріміз бір күнде Алматыға жолға шықтық.
Ақұл аға Қарасай бабаның Ордасын ұстады. Мөрге 200-300 адамдай жиналыппыз. Сұңқар, сарбаздар қызметте. Сатысы жоғары аққулар көп. Аруақтың белгісін алуы, сөйлесуі ерекше, бізге жұмбақ. Маңдай көздері де ашық болған. Аруақпен тірі адамдай сөйлесетін дәрежеде екеніне сол кезде көзім жеткен болатын. Сұңқарлардың өздерін ұстауы, сөйлеуі, адамдарды басқаруы ерекше болған. Дауыстарында салмақ бар еді. Ерекшеліктері білініп тұратын.(Қазір ондай қасиетті ешбір сұңқардан кезіктірмедім).
Бəрі Қыдырəлі аға, ұстаз, Ақұлаға деп өзара әңгімелесуе. Бірақ ешкім ол кісіні танымайды. Ұялшақ, жерге қарап қалған басым жан-жағыммен шаруам да болмапты. Ештеңемен, ешкіммен жұмысым болған жоқ. Қобалжулы болсам да, басқарушылар бұйрықтарын бұлжытпай орындай бердім.
Мөр салу басталды. Не істеу керектігі бізге үйретілген. Бөлме толғанша аяқты созып, көзді жұмып, қатар-қатар отырдық. Байқағаным, арқамнан жəй ғана қол тигендей болды. Ал мен өзімнен- өзім шыңғырып жібердім. Шақалақ туылғанда жылайды ғой, сол сияқты дауыс еріксіз шығып кетті. Өмірге қайта келгендей күй болды. Қасымда бір аққу маған «шығар-шығар» деп айқайлап жатты. Аузыма не түседі… Сөйлей бердім.
Сынақ үш түрлі болды.
- Өз туыс аруағыңның үнін шығару.
- Батаға келіп тұрған аруақтың атын табу.
- Аруақтың батасын нығынан шығару.
Менде, екінші сынақ хикметпен болды. Бірінші сынақта сені қай ата таңдады соны табуың керек еді. Тапсаң ғана мөр аласың. Мені Сүйінбай атам таңдапты. Сүйіншінің хабаршысы болсын деген шығар.
Екінші сынақта келген əулиенің атын табу. Маған Ақ ата келген екен. Өмірімде ешбір əулиені білмейтін едім. Қайдан табам? Таба алмай біраз тұрдым. Жанымда аққу тұр. Ақ атаны суреттеп жатыр. Тап, қорықпа, келіп тұр деп. Ол сондай ата. Түсі де бар деп қояды. Əулие атаның атын таппай жатқанымда екі қолымды қайырып тастады. Ақыры таппадым. Аққу əйел «Ақ ата келіп тұр» деді. Сосын Ақ ата деуім сол екен, мені босатты.
Ал енді жүре алсамшы, қолым істемейді, ұйып қалған. Жарты сағат есімді жиып, далада отырдым.
Сол күні Ордада қондық. Түс көресіңдер, мұқият болыңдар деген ескерту болды. Ерлер бір бөлек, əйелдер бір бөлек қатар жаттық.
Түс көрдім. Түсімде үлкен дүкенге кіріппін. Сатушылар орыс əйелдер. Мен кіріп едім, уақыт болып дүкен жабылып қалды. Мен қалып қойдым ғой, ашыңыз, бұл қалай, мен шығып кетейін, бір зат ұрлап алады деп күдіктенесіздер ғой деймін. Ал олар, жайбарақат қалағаныңды ал, біз саған сенеміз деп жатты. Өзіміздің сенімді адамсың дегендей болды.
Міне, мөр аштырып, қасиет алғаннан бастап осы күнге дейін тəжірибе жинаумен, өзімді тəрбиелеп, күресумен келемін. Сондай-ақ, ісімнің ең маңыздысы қасиетті меңгерумен болдым.
Анам мен əпкем қасиеттерін меңгермей, ізденбей, шыңдамай жарты жолда қалдырып қойғаны үшін мен намысқа тырысып, алып шығайын деген жауапкершілік болды.
Ата жолына келіп, кішкене болса да діннен хабардар бола бастадым. Менің отбасымда əуел бастан Құдай жайлы, пайғамбарымыз жəне сүннеттері туралы мүлдем айтылмайтын. Өзгелер сөз етіп əңгімелеп жатса, түк түсінбей мəңгүрт болып өстік.
Ал батыр мен Хандар жайлы тек қана мектеп шеңберінде танысқанбыз. Дегенмен ертегі кітабын көп оқитын едім.
Ата жолына келіп, əр əулиенің өмірі, істеген ерлігі, өзгеге берген пайдасы жайлы біле отырып, солардың істеген ісін істей алмасам да, ізін баса алсақ деп талпына түстім.
Гүлмира ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ