ҚАЛЫБЫҢА ҚАЙТ! «Ата жолы» халыққа не береді?!
Батиха дәрігердің үкімін естігенде есеңгіреп қалды. Ота, ота! Бұл қашанға дейін жалғаса береді!? Ау, күні кеше ғана өлімнің есігін қағып келді емес пе?
Әні-әне, сондықтан бұл ісік өспей тұрып алып тастау керек!
Япырмай, Батиханың басына қасіреттің қара бұлты үйіріліп, қиямет қайым төнгеніне біраз болды. Бұдан шығатын жол бар ма өзі.
-Сүрт көзіңді сораңды ағызбай! -деген өктем үннен есін жиса, бода-бода еңіреп келеді екен.
Қасына отырғызған осы бір бейтаныс кейуана ең жанашыр жан сияқтанып көрінді.
-Апа-ау, балаларым жас, енді қайттім?…
-Жап басыңды, албасты ұқсамай!
Бұл үнсіз қол сөмкесі нен тастамайтын орамалын алып шашын милықтата байлады.
-Е, сөйт, қалыбыңа қайт. Баяғы қазақта бұндай ауру атымен болмаған. Мына өздерің, европа боламыз деп, жалаңаштанып, осы ауруды өздеріңе өздерің шақырып…Көр сол европаңды, алақан жайып, бізден бала сұрап… Тұқымы тұздай құрып…
Кенет Батиханың мөлиіп әлдене қолдау дәметіп тұрған көзіне көзі түсіп:
-Менің жұмбағымды шешсең-құтыласың! — деді. Бұл басын шұлғып-шұлғып жіберді.
-«Төртеуі жерге, біреуі төрге.»
Төртеуі… Яғни мұндай аурудың бестен бірі ғана тірі қалатын шығар…?
Көзі кейуананың жұдырығына түсті. Қатты түйіп алыпты. Екі саусақтың ортасындағы бас бармағы тіпті қып-қызыл болып тұр.
Батиха да жұдырығын жоғары көтеріп, бармағын безеді:
-Сен ауру, мені жеңе алмайсың! Сен обыр (рак) мені оба алмайсың!
-Жарайсың қызым! Жеңіс сенікі! Енді былай істе…
Сол кейуана қайда екен, жаны қысылғанда көмекке келген Қызыр атаның бір бейнесі болды-ау.
«Қазақ қалыбыңа қайт» деп еді-ау.
Батиха халық емін жағалады. Намаз оқыды. Алла-ау, сол намаз кезінде маңдайы ыситын. Жайған алақанының саусақ ұшынан әлдебір сәулелердің енгенін көретін. Одан сайын құлшынатын.
«Ескерместі ескересің.
Ояу жүріп түс көресің» …
Тәубе, балалары жетілді, өсті.
Өзі сақал-мұрт шығап, жуандап кеткен сүйкімсіз дауысыннан құтылды.
«Доссорда шәй құяды Гүлжансара» деп сызылтып ән салғанда бәрі ұйып тыңдайды.
«Өз атың фатиха болған соң бізге құраныңды тықпалай бермеші» дейтін құрбылары да қазір жуасыған. Жасы келді ме, әлде «Ата жолын» тапқалы не айту керегін, қалай айту керегін үйренген Батиханың сөзі өтімді бола бастады ма?
Өмірге қалай келуің Алланың еркінде болғанмен өмір сенікі. Қалай өлу өз қолыңда! Батиха осыны жақсы ұқты.
Киім деген киең екен! Ұзын юбка (аяғы қисық) кигенмен, орамалын таққанмен (намаз оқығалы) мәсіні тек «Ата жолына» келген соң киді. Япырмай, өмірі жылынбайтын, күйеуі жазатайым тиіп кетсе: «мұз кесегіңді әрі тартшы» деп, бұрқылдап қалатын аяқтары қазір қыз-қыз қайнап жүреді. Анасы марқұм: «құс қанатының көлеңкесінен жаурап қалатын жарығым» деп, еміреніп отыратын. Қазіргі қызара бөрткен түрін көрсе аурушаң қызын танымай қалатын да шығар… Осының бәрі соңғы бес-алты айда болған нәтижелер. Тек «Ата жолын» кештеу жолықтырғанына өкінеді.
Кимешегі аппақ болып, көшеде келе жатса, жас бала, үлкен кісі сәлем береді, алыс ауылда, естелікте қалған әжелерін ойлайтын болса керек. Елдің ықыласы жақсы. Тіпті өзге ұлт өкілдері соткасына түсіріп алады. Қазақ киімі қандай әдемі деп таңдайын қағады. «Ата жолына» келген соң киім ішінде айналған бой өрістің (аура) адам ағзасын қалай қорғайтынын ұқты. Әйел өріс, еркек өріс дегенді естісе бұрын күлер еді, енді ер адамда өріс оңға қарай, ал әйел затында теріс айналарын кім білген… Бас киімнің бабалар үшін қандай ар сауыты болғандығы, қазіргі ұрпағының не себепті азғандығы, миы кепкен пенденің неге душар болатынын осы жерде ұқты. Әлгі күлегеш достарына да жауапты нық бере алатын халге жетті.
«Ата жолы» бақытты ұрпақ тәрбиелеудің айқын жолы екендігін жан-тәнімен қабылдаған соң ауызы дуалы бола бастаған. Не айту керегін білді. Ай, Батихам, жарайсың. Сендей аналар көбейсе қазақ ұрпағым да өз қалыбына қайтар.
Маркиза Базарбаева