Қазақтың ұлттық киімінің қадір-қасиеті


Қазақтың ұлттық киімін кигенде рух көтеріледі, шабыт тасиды. Сенімділік пен өз ұлтына деген мақтаныш сезімі пайда болады. Адамның рухани дәрежесі өседі. Тапқаны берекетті, олжалы болады. Аталар мен аналар қолдауы келеді. Өзге ұлттан үстемдігіңді сезінесің. Адамдар арасында бауырмалдық, мейірімділік орнайды. Ақындық, әншілік қасиет дамиды. Өзге ұлттың басынуы болмайды. Отанға сүйіспеншілік орнайды. Отбасында мейірім болады.

Мәсі

Мәсі— аяқ киімнің бір түрі, оны былғарыдан, шегіреннен, құрамнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс не ластық (галош) киіледі. Етікші мәсі тіккенде ең алдымен мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратып басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді.

Мәсі — жеңіл, әрі жұмсақ аяқ киім. Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы.

Мәсі бой дәретті сақтайды, әйелдер жермен жалғануы үшін мәсі кию керек. Жермен жалғанғанда бойдағы қара қуаттар жерге сіңіп, әйел адам жерден қуат алып тазарып отырады. Жермен жалғанған әйел затында жатыр, қан аурулары болмайды. Дені сау, қуатты болады. Ал, мәсі киіп жүрген ер адамдар жерден келетін қара қуаттардан қорғанып жүреді.

Қамзол

Қамзол (камзол)— әйелдердің ұлттық киімінің бір түрі, оны көйлек сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Қамзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «кәжекей» деп те атайды. Қамзолда жең де, жаға да болмайды және екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Қамзолдың астарына көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі бір-біріне сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан, зергерлер қамзолдың алдындағы түйменің орнына әшекейден жасалған, алтын, күміс жалатылған, асыл тастан көз орнатылған қаусырма қадаған. Қамзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады, не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді.

Қыздар мен жас келіншектер киетін қамзол өте-мөте сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан көз алар, шарбақ түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп тағып қояды.

Мұсылман дінінде әйел адамның денесін айқындап, жабысып тұратын киім киюге рұқсат етілмейді. Қамзол әйел денесін сұқтан қорғайды. Әйел адамның денесіндегі кемшіліктерді де тәнінің сұлулығын да жасырып тұрады. Әйелдің ішкі ағзасын суықтан қорғайды. Денесі жылы жүрген әйел адамның денсаулығы да мықты болады.

Шапан

Шапан — қазақтын ежелгі әрі кәделі киімі. Ол Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ұлттық киімі болып табылады. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астардан немесе қос астардан сырып тігеді. Ол негізінен тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады. Шапан: сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан деп бөлінеді. Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті масатыдан тігіп, жаға-жеңіне, етегі мен екі өңіріне зер ұстайды. Түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма (ілгек) тағады. Қазіргі кезде түрлі-түсті масатыдан екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер ұсталған жадағай (арасына жүн, мақта салмай) айдар тігіліп сатылады. Қазақ халқының арасында сыйлы адамдарға сыйлық ретінде шапан кигізу дәстүрі кең тараған.

Ер адамдар шапан кигенде қара күштерден қорған болады. Көрегендік қасиет пайда болады. Алақанында жылу пайда болып бала сипағанда ем болады.

Кимешек

Кимешек– (кей жерде шылауыш) қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Қазақтың әр өңірінің әжелері киетін кимешегі негізінен қарайлас болса да, үлгісі мен өрнегінде кейбір айырмашылық болады. Кимешек ақ матадан тігіледі, бұл ақ түс әже болудың белгісі, оның жиегі астарланып, зерлі жіптермен ою-өрнектер әдіптеледі. Жас келіншектер кимешектің жиегіне түрлі әшекейлер тағып, өрнектер салады.

Мұсылман дінінде әйел адамға мойнын көрсетіп жүруге болмайды. Кимешек мойынды, кеудені жауып тұрады.Кимешек әйелді сырт көздің сұғынан қорғайды. Әйел адамның шашы қара қуаттарды тартуға бейім болады. Сондықтан әйел адам кимешек киіп, басты қорғаған. Жалаңбас жүрген әйелдің пісірген тамағы таза болмайды. Жалаңбас тамақ пісіргенде шаштың жинаған ластығы тамаққа араласып, ас арамданады.

Тымақ

Тымақ— ерлердің қысқы бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Тымақ биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етектен тұратын, аңның, малдың терісінен тігілген қысқы бас киім. Суықтан, бораннан қорғайтындай мол пішіледі. Сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тыстайды. Оның іші тері, сырты шағи, пүліш, барқыт, дүрия, тағы басқа матамен тысталады. Тымақтың құлағы мен етегінің төбемен жалғасқан жерін милық деп атайды. Екі құлақтың сырт жағынан бастыра матадан жалпақ екі бау тағылады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе арша сияқты берік ағаштан тиек жасап қадайды. Оны құрысқақ дейді.

Желкесі жабық тымақ сияқты бас киімдер ер адамды жалқаулық, қырсықтық сияқты жаман әдеттен қорғайды. Адамның маңдайы ашық тұрмау керек. Өйткені адамның бақыты маңдайында болады. Жалаңбас, маңдайды ашып жүргенде адам баласы тағдырдан ажырап, бақыты ұрланады. Ал, тымақ сияқты бас киімдер маңдайды жауып тұратындықтан осы жамандықтан қорғайды. Әйел де, ер адам да өзінің басын, маңдайын қорғап, бас киіммен жауып жүру керек. Өйткені, дәл қазіргі кезде қара қуаттар мен қара күштің шабуылы өте көп.

Қазақтың ұлттық киімінің ғылыми маңызы өте зор. Әрбір киімде даналық жасырынған. Денсаулықты жақсартып, бақыты өмір сүру үшін ұлттық киім киюдің маңызы өте зор.

Дайындаған: Айгүл Тәуіпбаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *