Қасиетті қасіретке айналдырма


Адам боп жаратылған соң, басыңнан небір жағдайлар өтеді екен. Есімді білгелі, əсіресе сегіз жасымнан бастап, бала боп күліп, ойнай алмадым. Үнемі қорқынышты түс көріп не болмаса бір нәрседен қорқып ұйықтай алмайтынмын.

Əкем 1973 жылы Ташкенттен Қызылордаға ата-бабамның жатқан жері деп қоныс аударды.

Алғашында үйрене алмай жүрдік. Құмның арасы, ыстығы да бөлек. Бізге ескілеу үй бұйырды. Орыстар тұрған үй болу керек.

Сынған шөлмектерді сыртқа шығарып тазалағанымыз есімде қалыпты. Сол үйден менің азабым басталды. Түн болса мені құйын секілді қара зат айналып жүреді, кеудемді тұншықтыра басып отырып алатын. Түнімен арпалыста боламын. Ұйықтауға қорқатынмын. Сыртқа шыққанда маған көмекші аталарым келетін. Атаммен сөйлесіп, бəрін ұмытушы едім. Көбіне сыртта мал бағуға, егінде жүргенде тынышталатынмын. Үйдегілерге айтқанмен түсінбейді. Сол үйде бес жылдай тұрып отбасымыз ауырып, қиналыс болғаны есімде. Бірінші сыныптан бастап ауруханадан шықпайтын едім. Қаным аз, ішімде ас тұрмайды, əлсізмін.

Əкем жер шаруашылығын жақсы меңгерген кісі. Құнарлы жер іздеп жүретін. Солай келесі ауылға көшіп бардық. Сол жаңа үйде басқаша өмір басталды. Бəрі жаңа, бірақ мен қысылатын болдым. Түсімде жол көрсетіп, аталарым: «Батысқа қарай жүре бер»,- дейтін. Үйдегілер түсінбейтін. Бірде талып жатып ұйықтап кеткен екенмін, бетіме жылы леп келгендей болды, оянып кеттім. Анам тұр жанымда.

Мені демалып жатыр ма, әлде жүріп кетті ме деп тыңдап жүргенін айтты. Солай уақыт өте берді. Үнемі іштей қиналыспен жүремін. Ол мен түсінбейтін құбылыстар. Əкем біраз жерге апарды. Ем қонбады.Оқу оқып, тұрмысқа шығып бəрі ұмытылды деп ойладым. Иə, ол кезде қасиет деген ұғымды түсінбеген екенмін. Ұрпақ сүйіп, енді оларды жетілдіру үшін алға ұмтылыс басталды. Үнемі осы үлкен ұлым есейгенше маған өмір бер деп Құдайдан сұрайтынмын. Анамның сол кездері маған: «80-ге келіп қайтқан əженің кəжікейі, сенде осы жасқа жет»,- деп əкеліп берген тəбəрікті əлі киіп жүрмін. «Қасиетіңді қасіретке айналдырып алма»- деген сөзді ата жолына келіп түсіндім. Шүкір деймін.

***

Қайын атамның жылдық асынан келе жатқанда, керуеншілермен бір вагонда болдық. Олар көп еді. Бірақ сөздері, тəртіптері бір демалуға бара жатқандай. Жөн сұрастық.

— Əулие аралап бара жатырмыз,- деді менің жанымдағы жолаушы.

— Перзент үшін жүрміз,- бір сөзінде.

Содан бастап менде қатты қиналыс басталды. Демала алмайтын болдым. Сол жақ кеудем, жауырынмен қоса, шаншу қадалғандай , не отыра алмайсың, не жата алмайсың, толық дем де жетпейді. Жедел жəрдем шақырамыз, бəрі дұрыс деп кетеді. Енді түнде ұйқы жоқ. Сол баяғы бала кезімдегі аталарым қайта келді. Айтады, үйретеді, намаз оқу керек екенімді ұқтым. Намазға жығылдым. Киімді киюге ұяламын. Бір күні: «Басыңа бір жапырақ орамалды ауыр көріп жүрсің бе?»- деді аталар. Сыртқа шыққанда тағуға ұялып, үйде ғана орамал байлап жүрдім. Түсімде үнемі ордалы жылан көріп шошып оянып, соңы не болар екен дейтінмін. Көп уақыт өтпеді. Үш, төрт айдың ішінде бір апта нəр татпай жатып қалдым. Тамағымнан тамшы су да өтпейді. Түс көрдім. Екі атам келді. Əскери штабта жүрмін. Мені қара киім кигендер қуалап жүр. Түсімде ұшатыным бар еді. Қанатымды қомдап жіберіп ұшып жүрмін. Əлгілер де ұшып қуып жүр. Көмекке аталарым келді. Екі қолтығымнан көтеріп бір жерге лақтырып тастап кетті. Жан-жағыма қараймын, ешкім жоқ. Стол үстінде құран кітап пен қамшыға көзім түсті. Есікке қарасам екі жігіт, ортасында əйел кісі орамал тағып алған, мені жібермейді. Таңертең тұрғанда ағайымның ұлы сондай жерге барғаны есіме түсті. Мекен-жайды алып жетіп бардым. Орда екен. Бата жеткізді. Батаның соңында қалжырай құлап қалғаным есімде. Сол батаның сөзін түсініп тұрғаным жоқ, тек жылай бердім. Иə, əрбірімізде пендешілікпен көп нəрсеге көңіл бөлмейді екенбіз. Түс жетелейді, бағыт бағдар көрсетеді екен.

***

Он бəленің тоғызы тілден деген бар. Ол рас. Ата жолы тəрбиеледі, əлі де тəрбиелеп жатыр. Сол алғашқы кезде қасиетің бар дегенде сендер секілді əркімді ұстап, уқалап отыра алмаймын дегенмін. Ал қыспақ басталды. Ордаға жаяу жете алмайтын жағдайға жеттім. Көлікпен апарып жүрді. Үйдегілер: «Сен қайда кіріп кеттің? Жағдайың нашарлап бара жатыр»,- деп ойлана бастады. Жүрегім тура жол екенін сезеді, бірақ тілден, сөзден кеткенімді бір батада жеткізгенде түсіндім. Ұрпақтан қысамын деді. Күндер өте берді. Бір күні ұлымның достары: «Балаңыз тұра алмай жатыр»,- деп жүгіріп келді.

Жүгіріп сыртқа шықтық. Ұлымның тізеден төмен жаны жоқ. Көтеріп үйге əкелдік. Ал енді кешірім сұрау басталды. Керуенге шығып тек Құдайдан кешірім сұрап жүрдім. Тəубаға келдім, енді қасиетті ұстаймын деп уəде бердім. Содан бастап тілге тиек қойып сөйлеуді үйрене бастадым.

Анар ЕРҒАЛИҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *